«Бірлік жүгірісі»: Астанада 2000-ға жуық әуесқой желаяқ сынға түсті
Елордадағы EXPO кешені маңында жүгіруден Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік жүгірісі» атты жарыс өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Жүгіруден көктемнің басты сайыстарының бірі саналған «Бірлік жүгірісі» таңғы 7:00-де басталғанына қарамастан, бақ сынауға 2000-ға жуық адам жиналды. Жүгіру бәсекесіне қатардағы әуесқойлармен қатар, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит те арнайы қатысты.
Бұл жүгіру марафонының басты ерекшелігі – бір мезетте еліміздің 15 өңірінен 15 000-ға жуық спортшылар жүгіріп, барлығының басы бір мақсат аясында біріге алатындығын көрсетеді.
«Бірлік жүгірісі» жарысына тек Астана қаласы ғана емес,еліміздің өзге өңірлерінен арнайы келіп қатысушылар да болды. Олар қаламыздың көркі саналатын Ботаникалық саябақ, Abu-Dhabi сауда кешені, Бәйтерек монументі т.б белгілі орындардың жанынан жүгірді.