Бағдат Жұбаныш: Қазбекті күтіп отыратын уақытым жоқ
ММА бойынша үш дүркін әлем чемпионы Бағдат Жұбаныш кезекті қарсыласы Шинкпен өтетін жекпе-жекке дайындығын айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Сұхбатта қарсыласының осал тұстарын атап, Қазбек Сағынмен реванш қашан болатынын және ONE лигасымен келісімшарт жасауы турасында әңгімеледі.
- Шинкпен жекпе-жекке дайындық қалай? Қарсылас туралы не айта аласыз?
- Қазіргі уақытты дайындыққа барымды салып жатырмын. Басында шамалы ауырып қалдым, қазір бәрі жақсы. Қарсыласымның Қазбекпен, қырғыз спортшысымен жекпе-жегін көріп шықтым. Соған қарай тактика қолданамын. Жекпе-жекке 3 аптадай уақыт бар. Тартысты дода көрсетеміз деген ойдамын.
- Шинкпен жекпе-жек сізді Қазбекпен реванштан алыстатуы мүмкін деп қорықпайсыз ба?
- Әзірге ол туралы ойлап жатқан жоқпын. Шинкпен кездесуден кейін белгілі болады. Алыстатса, алыстатын шығар. NAIZA лигасының бір ойлағаны бар деп ойлаймын. Қазбекті күтіп, көп уақыт жоғалтқым келген жоқ. Жарты жылдай уақыт болды. Бір орында тұрып қалғым келмейді. Сол үшін жекпе-жекті қабылдадым.
- Сіз Қазбекті реваншқа шақырдыңыз, ол жауап та қайтарған болатын. Реванш туралы жаңалықтар бар ма?
- Алғашқы жекпе-жегімнен кейін Қазбекті реваншқа шақырдым. Ол жауап берген жоқ. Бір жекпе-жегінен соң қазақтармен төбелеспейпін, Бағдатпен реваншқа шықпаймын деп айтқан. Қазан айында NAIZA Қазбек реваншты қабылдады деп жариялады. Мен оны бір рет шақырдым, одан кейін қайта-қайта жекпе-жекке ұсыныс тастаған жоқпын. Алғаш рет айтқанымда үндеген жоқ. Қазан айында қабылдады, ақпанда менімен жекпе-жек болады деген ақпарат шығарды. Бірақ мен одан хабарсыз едім. Ақпан айында Қазбекпен кездесетін болғандықтан желтоқсан айына жоспарланған ALASH PRIDE-тағы жекпе-жегімнен бас тартып, дайындықты бастап кеттім. Одан кейін екінші рет Қазбекті жекпе-жекке шақырдым, ол сол кезде дайын емеспін деп, кездесуімізді мамыр айына ауыстырып жіберді. Баста оның командасы ақпан айы деп айтқан еді. Реванш осы жекпе-жектен соң белгілі болады.
- Сіз ONE лигасымен келісімшарт жазу мүмкін деген ақпарат болған. Бұл ой жүзеге асу мүмкін бе?
- Іріктеу кезеңінде 1 рет жеңіске жетсең, келісімшарт ұсынады. Жекпе-жек күнін 10 күн қалғанда айтты. Дайындығым аз болғандықтан шыққан жоқпын. Қазіргі уақытта бір рет жекпе-жекке шықшы деп, күтіп отырған менеджер бар. Саят емес. Әзірге NAIZA-мен келісімшартым бар, ол мамыр айының басында тоқтайды. Содан кейін ол жағын қарастырамыз.
- Жалғас Жұмағұловпен спарринг жасайсыз. Спаррингтерде оның қаталдығы туралы аңыз әңгімелер бар, Жалғастан қандай дүниелер үйрендіңіз? Немесе жылдар өткен сайын Жалғас жұмсақ болып бара жатыр ма?
- Қарсыласымыз ұқсас болған кезде әрдайым бір-бірімізге көмектесеміз. Жекпе-жектен тыс та ақыл-кеңесін айтып, қолдап отырады. Америкадан үйреніп келгендерін меңгеріп жатырмын. Соның арқасында біраз жастың буыны қатайып жатыр. Ағамыз қазір жұмсақтау, қатты ұрмайды.
- Сұхбат бергеніңізге рақмет! Жекпе-жекте жеңіске жетуіңізді тілейміз!
- Рақмет!