Астанада жазғы спорт түрлері бойынша паралимпиадалық жаттығу орталығы ашылады
2018 жылы Астанада ашылған жазғы және қысқы паралимпиада спорт түрлерінен ұлттық құрамалар мен спорттық резервтерді кәсіби дайындауға арналған нысан биыл жаңа спорт алаңдарымен толықтырылмақ, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай ортылақтар АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Кореяда бар.
Маңызды жоба Қазақстан ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаевтың басшылығымен салынады.
«Орталықта отырып ойнайтын волейбол, баскетбол, бочча және арбадағы регби, голбол, арбадағы тенниске арналған спорт залдары бар.
Ғимараттың жалпы ауданы 2792 шаршы метрді құрайды, спорт залдарының көлемі 48/26 метрге дейін жетеді. 2020 жылы УЕФА жобалық құжаттаманы әзірлеуге 45 мың еуро бөлген, бұл жоба спорт қауымдастығы үшін де маңызды», - деді Қайрат Боранбаев.
Орталықта көзі мүлде көрмейтін спортшылардан құралған футбол командасы бар.
«Менің туғаннан көру мүмкіндігім әлсіз. Уақыт өте келе көруім тіпті қиындай түсті. Осы орталыққа келгенше, өзімді қоғамнан бөлек, кем сезінетінмін. Спорт – мүмкіндіктердің шексіз екенін көрсетті. Біздің команданың ойынына сырттан қарап тұрған адам біздің соқыр екенімізге сенбейді. Қазір әйелім, тәрбиелеп отырған екі балам бар. Алдыға қойған жоспарымыз, мақсатымыз көп», - дейді футболшы Қанат Ақынбаев.
Паралимпиада орталығы жай ғана спорт нысаны емес, ерекше қажеттілігі бар жандардың әлеуметтік дамуына арналған бірегей алаң.