Астанада ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатының ресми таныстырылымы өтті
2026 жылғы 20 мамыр күні «ADD Table Tennis Center Astana» үстел теннисі орталығында ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатының ресми таныстырылымы өтті. Аталған іс-шара Қазақстанның Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) қолдауымен әлем чемпионатын өткізуге дайындық жөніндегі халықаралық науқаны аясындағы алғашқы ресми оқиға болды.
Таныстырылымға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және қазақстандық БАҚ, спорт қауымдастығы, бизнес өкілдері, туризм саласы, серіктестер мен креативті индустрия өкілдері қатысты.
Іс-шараның ресми бөлігі Қазақстанның мәдени болмысын және әлем чемпионатының Еуразия жүрегінде өтуінің символдық мәнін айқындаған этно-музыкалық қойылыммен ашылды. Салтанатты рәсімнің басты сәттерінің бірі ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 ресми туын сахнаға алып шығу болды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 10 мамыр күні Лондон қаласындағы OVO Wembley Arena сахнасында Халықаралық үстел теннисі федерациясының туын Қазақстанға ресми табыстау рәсімі өткен болатын. Астанадағы таныстырылым барысында ту арнайы витринаға орналастырылып, әлемдік спорт қауымдастығының сенімі мен әлем чемпионатына дейінгі кері санақтың басталуының символына айналды.
Іс-шара аясында Лондонда халықаралық спорт қауымдастығына алғаш рет ұсынылған Astana 2027 ресми видеоролигінің тұсаукесері де өтті. Роликті әзірлеу барысында Қазақстан үстел теннисі федерациясы кәсіби продакшн командасын, композиторлар мен операторларды тарта отырып, ауқымды шығармашылық жұмыс жүргізді.
Қонақтарға құттықтау сөз сөйлеген Серік Жарасбаев - Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі. Сондай-ақ сахнаға чемпионаттың ұйымдастыру комитетінің өкілдері шақырылды: Ильсияр Канагатов - Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Дильмар Жұмаділов - Чемпионат директоры Асия Ілиясова - Чемпионаттың маркетинг және коммерция жөніндегі директоры.
Спикерлер өз сөздерінде әлем чемпионатына дайындықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде жобаның спорттық, ұйымдастырушылық және маркетингтік құрамдас бөліктерін таныстырды. Таныстырылымның жеке бөлімі халықаралық әріптестікті дамытуға және бизнесті Astana 2027 жобасына тартуға арналды. Қонақтарға туроператорлар мен демеушілермен жұмыс бағыттары таныстырылып, чемпионаттың ресми маскотын, сувенирлік және имидждік өнімдерін әзірлеу бойынша халықаралық және республикалық байқаулар жарияланды.
Астанада өтетін әлем чемпионатының Қазақстанның халықаралық имиджі үшін маңыздылығына ерекше назар аударылды. Әлемдік додаға планетаның үздік спортшылары, ресми делегациялар, мыңдаған жанкүйерлер мен халықаралық БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде. Бұл чемпионат ел тарихындағы ең ірі халықаралық спорттық іс-шаралардың біріне айналмақ.
Ресми бөлімнен кейін БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық баспасөз брифингі өтті. Іс-шара соңында таныстырылым қонақтарына естелік сыйлықтар табысталды.
ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 2027 жылғы 22-30 мамыр аралығында Қазақстан астанасында өтеді және Орталық Азия елдері аумағында ұйымдастырылатын үстел теннисінен алғашқы әлем чемпионаты болмақ.