Астанада «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) турнирінде PUBG бойынша мықтылар анықталды
15 матч, әлемнің 16 үздік командасы және 1 миллион доллар жүлде қоры үшін тартыс – Астанада Samruk-Kazyna қолдауымен өтіп жатқан «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) халықаралық турниріндегі Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank жарысы мәресіне жетті.
Чемпион соңғы картаға дейін анықталмай, үш ойын күні бойы жекелеген матчтардың жеңімпаздары мен жалпы есептегі көшбасшылар бірнеше рет ауысты.
15 матчтың қорытындысы бойынша 17 Gaming 131 ұпаймен чемпион атанды. GAM The Expendables 120 ұпаймен екінші орынға ие болса, Team Vitality 106 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Қазақстандық DIGA Esports 59 ұпай жинап, турнирді 14-орында аяқтады.
Турнир жеңімпазы 300 мың АҚШ долларын иеленді. GAM The Expendables – 120 мың, Team Vitality – 100 мың доллар алды. Ал DIGA Esports 14-орын үшін 15 мың доллар сыйақыға ие болды.
17 Gaming ойыншылары турнирден кейін әсерлерімен бөлісті:
«PUBG ойынының болашағы өте зор. Биыл турнирлер саны артып келеді, ойынға деген қызығушылық өсуде. Болашақта қайта оралып, жанкүйерлеріміз үшін тағы бір чемпиондық атақ жеңіп аламыз деп үміттенеміз. Астана да бізге өте ұнады: ауа райы ыстық болғанымен, тағамдары өте дәмді», – деді команда мүшелері.
Team Vitality ойыншысы Артем Баскаков шешуші күннің ең қиын болғанын айтты.
«Үшінші ойын күні біз үшін өте ауыр өтті. Ойын аймақтарының орналасуы бізге қолайлы болмады. Соған қарамастан ұпай жинау үшін барымызды салып, нәтижесінде үздік үштікке ендік. Өз стилімізден таймадық – шайқас мүмкіндіктерін іздеп, сабыр сақтап, команда ішінде көп сөйлестік», – деді ол.
DIGA Esports үшін Астанадағы дода осындай деңгейдегі алғашқы халықаралық турнир болды. Қазақстандық ұжымның ең жарқын сәттерінің бірі сегізінші матчтағы жеңісі еді. Beeline Arena трибуналарындағы жанкүйерлер бұл сәтті зор қошеметпен қарсы алды.
«Мұнда бізден бөлек әлемнің тағы 15 үздік командасы жиналды, сондықтан ойнау өте қиын болды. Соған қарамастан жаман нәтиже көрсеткен жоқпыз деп ойлаймын. Осындай турнирде өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе болды. Жанкүйерлердің қолдауын анық сезіндік, бұл бізге ерекше күш берді», – деді DIGA Esports ойыншысы Санжар Калиев.
«Бірінші күн бейімделуге арналды, екінші күні ойнау жеңілдей түсті, ал үшінші күнді сәтті өткіздік деп есептеймін. Біздің құрамда бұған дейін тіпті Еуропадағы ірі жарыстарға қатыспаған ойыншылар бар. Ал мұнда әлем чемпиондарына қарсы ойнадық. Сондықтан осындай деңгейдегі командалар арасында 14-орын алу – жаман нәтиже емес», – деп қосты Санжар Калиев.
Samruk-Kazyna қолдауымен ұйымдастырылған «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтуде. Бағдарлама сегіз дисциплинадан тұрады, ал жалпы жүлде қоры – 4,65 миллион АҚШ доллары. Турнирді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазспортинвест» АҚ ұйымдастыруда.
Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS Presented by Alatau City Bank жарысы аяқталғанымен, турнирдің қалған дисциплиналары жалғасуда. Phygital Basketball Presented by Halyk Fund финалдық матчтары 3 тамызда өтеді, ал MOBA PC Dota 2 Presented by Bank CenterCredit жарысы 5 тамызға дейін жалғасады.
4 тамыздан бастап Phygital Football UFL Presented by Samruk-Kazyna, Phygital Shooter CS 2 Presented by Yandex GO және MOBA Mobile MLBB Presented by FREEDOM турнирлері басталады. Phygital Dancing Presented by Solidcore Resources жарыстары 6–7 тамызда, ал Phygital Fighting Presented by Kazzinc 8 тамызда өтеді. «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) турнирінің толық бағдарламасы 9 тамызға дейін жалғасады.