Astana Qazaqstan Team мүшесі «Тур де Франс» көпкүндігінде рекорд орнатты
Astana Qazaqstan Team командасының велошабандозы Марк Кавендиш «Тур де Франс» көпкүндігінің кезеңінде жеңіске жету арқылы тарихқа енді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Astana Qazaqstan Team велокомандасының өкілі Марк Кавендиш «Тур де Франс» көпкүндігінің бесінші кезеңінде жеңімпаз атанды. Ол Сен-Жан-де-Морьен - Сен-Вюльба (177,4 км) сегментін ең жылдам жүріп өтті. Кавендиштің аяқталу уақыты 4:08:46 болды», - деп мәлімдеді ҰОК баспасөз қызметі.
Бұл сында Яспер Филипсен (Alpecin-Deceuninck) мәре сызығын екінші болып өтті. Ал Uno-x командасының өкілі Александр Кристофф үшінші орынға қол жеткізді.
Astana Qazaqstan Team велошабандозы Кавендиш Тур де Франс кезеңдеріндегі жеңістер саны бойынша рекордты жаңартып отыр. Ол осымен бұл сынды 35 рет жеңді. Бұрын ең жоғары жетістікке Эдди Меркс ие болған еді.
Оның иелігіне тиесілі көрсеткіш 34 рет жеңіске жетуімен бағаланған болатын. Енді оны қазақстандық клуб мүшесі жаңартып, турнир тарихына еніп отыр.