Әртістік жүзуден Әлем кубогы: қазақстандықтар суперфинал алдындағы жалпы есепте үздіктер қатарында
Испанияның Понтеведра қаласында әртістік жүзуден Әлем кубогының соңғы кезеңі өтеді. Бұл турнир спортшылар үшін жалпы есептегі орнын жақсартып, суперфиналға жолдама алуға берілетін соңғы мүмкіндік болмақ, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар үздік ондыққа еніп, маусымның шешуші жарысында табысты өнер көрсетуге дайын.
Әртістік жүзуден Әлем кубогының суперфиналы дәстүр бойынша World Aquatics халықаралық сериясының маусымын түйіндеп, әлемдегі үздік құрамалардың қазіргі деңгейін көрсетеді. Дегенмен шешуші кезеңге барлық спортшы қатыса бермейді. Онда Әлем кубогы кезеңдеріндегі нәтижелері бойынша іріктелген ең мықты ұлттық құрамалардың өкілдері ғана бақ сынайды. Мұндай жүйе турнирдің беделін арттырып, жарыстың тартысты өтуіне ықпал етеді.
Жарыста әртістік жүзуден әлемнің ең үздік атлеттері соло, жұптық, топтық және акробатикалық бағдарламалар бойынша бақ сынайды. Суперфиналдағы әрбір бағдарлама шешуші мәнге ие, өйткені дәл осы жарыстың нәтижесі бойынша Әлем кубогының қорытынды рейтингі анықталады. Сонымен қатар бұл турнир алдағы олимпиадалық кезеңдегі басты додаларға дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды сынақ болмақ.
Айта кетерлігі, спортшылардың жалпы есебіне Әлем кубогының барлық кезеңдерінде көрсеткен нәтижелері енгізіледі. Әр жарыста жиналған ұпайлар ортақ кестеге қосылатындықтан, жоғары орындардан айырылып қалмау үшін кезеңдердің ешқайсысын өткізіп алмау аса маңызды.
Биыл маусым айында Канадада өтетін суперфиналға дейін төрт кезең қарастырылған. Алғашқы жарыс Колумбияда ұйымдастырылса, кейінгі кезең Францияда өтті. Үшінші доданы Қытай қабылдады. Ал серияның соңғы кезеңі 29-31 мамыр аралығында Испанияның Понтеведра қаласында өтеді.
Қазақстан құрамасы биыл Әлем кубогының барлық кезеңінде өнер көрсетті. Колумбиядағы жарыста отандастарымыз екі алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орын иеленген еді. Франциядағы кезеңде қоржынға бір күміс пен бір қола жүлде түсті. Ал Қытайдағы бәсекеде қазақстандық спортшылар бір күміс және үш қола медальға қол жеткізді.
Әлем кубогының жалпы рейтингінде де Қазақстан өкілдері бірнеше бағдарлама бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ерлер арасындағы еркін бағдарламада Эдуард Ким бірінші орында тұрса, Виктор Друзин екінші сатыға жайғасқан. Техникалық бағдарламада Друзин екінші орында болса, Ким бесінші, ал Алдияр Рамазанов аралық сегізінші орынға табан тіреген.
Аралас жұптардың техникалық бағдарламасында Алдияр Рамазанов пен Ясмина Исламова екінші орынға көтерілсе, Артур Майданов пен Айғаным Саим үздік үштікті түйіндеп тұр. Еркін бағдарламада Виктор Друзин мен Наргиза Болатова үш кезең қорытындысы бойынша үшінші орында келеді. Сондай-ақ топтық еркін және акробатикалық бағдарламаларда Қазақстан құрамасы жалпы есепте көш бастап тұр.
Техникалық бағдарламадағы жұптық сайыста Наргиза Болатова, Арина Пушкина және Ясмин Туякова үшінші орынға орналасқан. Еркін бағдарламада Даяна Джаманчалова, Мақпал Қалмұрза және Полина Мерзлякова да үздік үштіктен көрініп отыр. Әйелдер арасындағы техникалық бағдарламада Ясмина Исламова әзірге жалпы рейтингтің жетінші сатысында келеді.
Испанияның Понтеведра қаласында өтетін соңғы кезең Қазақстан құрамасы үшін жалпы рейтингтегі орнын нығайтып, маусым қорытындысы бойынша суперфиналға басты үміткер командалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік береді.