Артем Саркисян: Турнир біз үшін жеңіл болмады
Саблямен семсерлесуден Қазақстан командасы Кувейтте өтіп жатқан Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Команда капитаны Артем Саркисян Olympic.kz сайтына берген сұхбатта бұл медальға қол жеткізу айтарлықтай қиын соққанын айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
«Турнир біз үшін жеңіл болмады. Әсіресе, 1/8 айналым мен ширек финалдағы қарсыластар өте мықты. Алдымен Өзбекстанды, кейін Жапонияны жеңдік. Біздің командамыз қазір бабына еніп келеді.
Қазір командалық түсінік қалыптасып келеді. Бір-бірімізді жақсы түсіне бастадық.
Біздің командамыз әлемде өте жас саналады. Жартылай финалда Иран құрамасымен кездескенде бізге сәл ғана тәжірибе жетпей қалды», — дейді Артем.
Айта кетелік, Кувейттегі Азия біріншілігінде саблямен командалық сында Қазақстан намысын Артем Саркасян, Саттархан Назарбай, Жанат Нәбиев, Бақдәулет Құралбекұлы қорғады.
Одан бөлек, ерлер шпагасынан Ерлік Сертай қола жүлдегер атанды.