Алматыда WTT Contender Almaty турнирі өтеді
1-6 қыркүйек аралығында Алматыда үстел теннисінен жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын халықаралық WTT Contender Almaty турнирі өтеді, деп хабарлайды Sport+.
Биылғы жарысқа 19 спорттық делегацияның құрамында 120-дан астам спортшы қатысады. Олардың қатарында Германия, Үндістан, Испания, Италия, Йемен, Қытай Тайбэйі, Люксембург, Мексика, Нидерланд, Пуэрто-Рико, Ресей, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Франция, Швеция, Эквадор, Корея Республикасы, Жапония және Қазақстан өкілдері бар.
Жанкүйерлер әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары қатысатын матчтарды тамашалай алады. Олардың қатарында:
Дмитрий Овчаров (Германия) — жекелей сында Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері;
Сюнсукэ Тогами (Жапония) — жұптық сында әлем чемпионы;
Хина Хаята (Жапония) — командалық турнирде Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері;
Кирилл Герасименко (Қазақстан) — VI Ислам ынтымақтастығы ойындарында командалық және ерлер арасындағы жекелей сында жеңімпаз атанған.
Медальдар ерлер мен әйелдер арасында жекелей, жұптық және аралас жұптық разрядтарда сарапқа салынады.