Алматыда Қазақстан Падел Турының екінші кезеңі өтеді
28–31 мамыр аралығында Алматыда елдегі падел спортынан басты рейтингтік жарыс — Қазақстан Падел Турының II кезеңі өтеді, деп хабарлайды Sport+.
Турнирге Қазақстанның үздік ойыншыларымен қатар, 4 миллион теңге жүлде қоры үшін бақ сынайтын шетелдік спортшылар да қатысады.
Жарыс ADD Padel and Table Tennis Center корттарында ұйымдастырылып, қазақстандық падел маусымының негізгі оқиғаларының біріне айналмақ. Турнир аясында төрт санат бойынша жүлделер сарапқа салынады: ерлер арасында A және B, әйелдер арасында A және B. A санатындағы элиталық дивизионда елдің ең мықты жұптары өнер көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан Падел Туры — елдегі жалғыз ресми рейтингтік турнир, ал кезең нәтижелері ойыншылардың ұлттық рейтингіне тікелей әсер етеді. Турнирдің басты ерекшеліктерінің бірі — халықаралық формат. Әр жұпта міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы керек, ал екінші ойыншы шетелдік спортшы бола алады. Бұл қазақстандық паделшілерге халықаралық тәжірибе жинап, бәсекелестік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Турнир олимпиадалық жүйе бойынша, яғни жеңілген спортшы жарыстан шығып қалатын форматта өтеді. Барлық санатта үшінші орын үшін матчтар қарастырылған. Қатысушылар алдымен іріктеу кезеңінен өтіп, кейін негізгі турнирлік кестеде бақ сынайды.
Турнир кестесі:
28 мамыр — іріктеу кезеңі
29 мамыр — 1/8 финал матчтары
30 мамыр — ширек финалдар мен жартылай финалдар
31 мамыр — финалдар және қола жүлде үшін матчтар