logo

Әлия Юсупова: Софиядағы турнирге үздік гимнастар жиналды

Әлия Юсупова: Софиядағы турнирге үздік гимнастар жиналды

Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова Болгариядағы халықаралық турнир жайында пікірін білдірді деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan Olympic.kz сайтына берген сұхбатында белгілі маман аталмыш жарыстағы Эрика Жайлауованың қола жүлдесі туралы да айтты: 

"Бұл, әрине, әлем кубогі емес. Десе де, Софиядағы турнирге үздік гимнастар жиналды. Боряна Колейн, Эльвира Краснабаева сынды әлем мықтыларымен бір қатарда тұру - үлкен еңбек. Эрика Жайлауова жақсы өнер көрсетті. Одан бөлек, командалық сындағы жүлдеміз де бар.

Болгариядағы жарыста Айым Мейіржанова сынды жас спортшымыз да сынға түсті. Ол ересектер қатарына осы маусымда қосылды. Соған қарамастан, үлкен спорттағы қадамын нық басып келеді. Софиядағы турнирде көпсайыстан төртінші орынға табан тіреді", - деді Әлия Мақсұтқызы.

Сондай-ақ, команда басшысы лицензиялық жарысқа қатысатын гимнастардың жаттығуына тоқталды. 

"Қазіргі таңда лицензиялық Азия чемпионатына қатысатын спортшыларымыз өз жоспарлары бойынша дайындалып жатыр. Эльжана Таниева әлем кубогіне ұшып кетеді. Айботаның да өзіндік кестесі бар. Жаттығу ойдағыдай өтіп жатыр", - деді бас бапкер. 

Айта кетелік, Sofia Cup халықаралық турнирінде Эрика Жайлауова көпсайыстан және доп жаттығуынан қола жүлдегер атанды. Ал Милана Парфилова шығыршықпен жаттығуда күміс, таспамен жаттығудан қола медаль жеңіп алды. 



Күн шежіресі