Әли Мақұлбеков: Үстел теннисінде жылдам шешім қабылдайтын мықты стратег болу қажет
Париж-2024 Паралимпиада ойындарында пара үстел теннисінен ел намысын қорғайтын спортшы Әли Мақұлбеков Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында лицензия жеңгеннен кейінгі эмоциялар, Олимпиадада кімге жанкүйер болғаны және елдегі параспорттың даму туралы айтты.
- Сізді олимпиадалық лицензиямен құттықтаймыз! Сіз үстел теннисі паралимпиадасына лицензия алған бірінші спортшы болдыңыз. Сол сәтте эмоцияларыңыз туралы айтыңызшы және дайындық қалай жүруде?
- Үлкен рахмет! Шыны керек, өзімде кейде сенбеймін. Ең алғаш естіген кезде түсімбе әлде өңімбе деп қайта-қайта сенбей, біраз шок болып отырғаным рас. Әрине, дайындық жоғары деңгейде болып жатыр, не болсада барымды салып дайындаламын және жоғары деңгейде ойын көрсетуге тырысатын боламын.
- Сіз өтіп жатқан Олимпиаданы бақылап отырсыз ба? Сіз жанкүйер болған спортшы кім?
- Әрине отандасымыз Кирилл Герасименкаға жанкүйермін, керемет деңгейді көрсетеді. Және жоғары деңгейдегі ойындар болды. Осының бәрін бақылай отыра өзімеде бір шетінен мотивация алып жатырмын десемде болады.
- Параспортқа қалай келдіңіз және үстел теннисі несімен қызықтырды?
- Үстел теннисі - оңай болып көрінетін спорт түрі, бірақ мен бұл мүлдем олай емес деп айтар едім. Мені қызықтырған жеріде сол, бұл салада тек қана физикалық тұрғыдан ғана мықты болу жеткіліксіз, сонымен қатар жылдам шешім қабылдайтын мықты стратег болуды талап етеді. Параспортқа аяқ асты келдім. Осы параспортта жүрген досым мені бір жарыста байқап, командаға шақырып қосылғаным бар.
- Параспорттың келуімен сіздің өміріңіз қалай өзгерді?
- Толықтай десем де болады. Тек қана спорт жағынан емес, өзіме біртұтас отбасы таптым деп айта аламын. Тіптен қоғамға толыққанды тұлға болып қалыптасуыма осы параспорт және ондағы жандар үлкен септігін тигізді.
- Параспортта қиындықтар болды ма? Спортты тастағыңыз келді ме?
- Бәрі оңай емес. Шаршаған, берілгім келген, бәрін тастағым келген уақыттар болды. Бірақ бәрі уақыт өте келе өз қалпына келеді, бастысы -берілмеу, өзіңді алға қарай жетелеу. Өзіңе сену, жақындарымның сенімі мен қолдауы - міне осы нәрселер маған осындай уақытша қиындықтарды жеңуге көмектеседі.
- Қазақстан Парижде өтетін Паралимпиадаға 32 лицензия жеңіп алды. Бұл ұлттық құрама үшін жақсы нәтиже деп ойлайсыз ба?
- Керемет нәтиже деп ойлаймын. Бұл тек басы ғана деп сенемін.
- Елдегі параспорттың даму деңгейін қалай бағалайсыз? Жақсартуды қажет ететін нәрсе бар ма?
- Барлығы бірден келмейді, спорт ретінде жақсы деңгейде дамып келе жатыр дер едім. Және де алдағы уақытта бұданда жоғары деңгейде дамитынына күмәнім жоқ.
- Жаңадан спортпен айналыса бастаған адамдарға немесе спортпен айналысуға батылы жетпейтін жандарға қандай кеңестер бере аласыз?
- Қорықпау керек. Бастысы бастау, шектеулердің барлығы біздің басымызда. Оларды бұза білсеңіз, өзіңізді жеңімпазбын деп санай беруіңізге болады.
- Сіздің арманыңыз қандай?
- Биік армандарымның бірі - еліміздің көк туын Паралимпиада шыңында көкке көтеру.