Әлем чемпионатының алғашқы күні бес балуан жеңілді
Тиранада (Албания) күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем чемпионаты басталды. Алғашқы күні боз кілемге грек-рим күресінің өкілдері шықты, деп хабарлайды Sport+.
21 қазан күні бес балуан өнер көрсетіп, ешқайсы жартылай финалға өте алмады.
60 келіге дейін Досжан Өтепқалиев Хассан Альхартхиден (Сауд Арабиясы) басым түсті, 1/8 финалда 11-0 есебімен қытай Цзыйе Сиді ойсырата жеңді, алайда ширек финалда Придон Абуладзеге (Грузия) жол берді.
Дінмухамед Қошқар (67 келі) Адомас Григаланиустан (Литва) айласын асырғанымен, Даниял Агаевқа (Ресей) есе жіберді.
Мерей Мәулітханов (72 келі) Адилхан Нурланбековке (Қырғызстан), ал Альмир Төлебаев (82 келі) Кунь Хуанға (Қытай) жол берді.
Бейбіт Қорғанов (97 келі) 1/8 финалда Хаик Хлоянға (Армения) жеңілді.
Қазақстан балуандарының аталған қарсыластары финалға шыққан жағдайда отандық спортшылар жұбаныш белдесуге мүмкіндік алады.