Александр Пасхалиди пара нысана көздеуден әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Корея Республикасының Чханвон қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара нысана көздеуден өтіп жатқан әлем чемпионатында Александр Пасхалиди қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.
Ол P1 санатында — SH1 класында 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен нысана көздеуде 215,3 ұпай жинады.
Бірінші орынды Корея Республикасының спортшысы Чо Чонгду (244,4 ұпай) иеленсе, екінші орын Қытай өкілі Хуан Синге (237,0 ұпай) бұйырды.
Бұған дейін әлем чемпионатындағы командалық жарыста Еркін Ғаббасов, Арсен Мұратов және Ардақ Оторбаева R1 санатында — 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеуде 1854,4 ұпай жинап, жарыстың қола жүлдегерлері атанды.
Айта кетейік, пара нысана көздеуден әлем чемпионаты 10–15 қыркүйек аралығында өтеді. Жарысқа 350-ге жуық спортшы қатысуда.