Әйгілі «Манчестер Юнайтед» футболшысының үйін қазақтар салып жатыр
Англиялық «Манчестер Юнайтед» футбол клубының қақпашысы Андре Онананың үйін қазақтар салып жатыр, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Арыс қаласының тумасы Таңғат Ертай 5 жыл бұрын Африка құрлығындағы Камерун республикасына жұмыс бабымен көшіп барған. Қазір ол Камерунда отбасымен бірге тұрады.
Сондай-ақ қазақстандық азамат ірі құрылыс компанияларының бірінде қаржы директоры болып жұмыс істейді. Камерунда дүниеге келген әйгілі футболшы Андре Онана жақында туған жеріне барып, ата-анасына үй салып беруді шешіпті.
Спортшы бұл істі Таңғат Ертайға сенім тапсырған.
«Андре Онаның үйін салуды бастадық. Ол анда-санда туған жеріне келіп тұрады, бірақ негізі бұл жақта тұрмайды. Ата-анасына үй салып беруді шешіп, бізге тапсырыс берді. Білуімше, Камерун атақты футболшыларға толы», – деді Таңғат Ертайдың жұбайы Нұрдина Жұмабай.
Нұрдина – қылқалам шебері. Ол жолдасы тұрғызған үйлерге картина салумен айналысады. Алдағы уақытта жас отбасы елге оралып, мансабын жалғастыруды жоспарлап отыр.