Айдарбек Қожаназаров көлік сыйлаған Әбиба Әбужақынова Respublica партиясына өте ме?
Париж Олимпиадасында қайсарлығымен елдің қошеметіне бөленген дзюдошы Әбиба Әбужақынова Respublica партиясының мүшесі атануға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Мен саясатқа араласпаймын. Ешбір партияда жоқпын. Болашақта да ондайға бара қоймаспын», - дейді спортшы.
Отандасымыз бір айдан кейін келесі олимпиадалық циклге дайындықты бастайтынын да айтты.
«Оқу-жаттығу жиындарын бір айдан кейін бастаймын. Сол кезде бәріне анализ жасаймыз. Әзірге халықтың жылы лебізінен қуат алып жүрмін. Жұрттың 90 пайызы қолдау білдірсе, 10 пайыздайы «медаль алмаған адамға неге көлік берілді» деп түсінбей жатыр. Мен сұрап алған жоқпын. Керек адам қайтарып ала берсін. Көлік сыйлаған ағамыз қайта-қайта хабарласып, алаңдаған соң, Астанаға шақырып алды. Негізі басында ол көлікті алмаймын деп айтқанмын. Сын айтып жүргендер соны білсе екен деймін. Дзюдоны үзбей көріп жүретіндер бұған дейінгі халықаралық жарыстарда федерациямыздың туын жықпай, жалғыз өзім медаль алған сәттерді еске салып, бұл сыйға лайық екенімді айтып жатыр. Ол ниеттеріне рахмет», - дейді Әбиба Әбужақынова.