Аида Бауыржанова: Бұл марапат маған жұбаныш болды
Спорттық гимнастикадан Қазақстан командасының үздігі Аида Бауыржанова Азия чемпионатындағы тұңғыш медаліне қатысты пікірін Olympic.kz сайтына айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
Спортшы еркін жаттығудан қола медаль алып, көпсайыста Олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады.
«Бұл Азия чемпионатында қаншама эмоция төгілді. Бірақ тек жақсы нәрселерді айтқым келеді. Мен өз мақсатыма жету үшін ұзақ жолды артқа тастадым, тіпті, тым жақын болдым. Бағдарламаны жақсы орындадым.
Егер осы бағыттан таймасам, олимпиадалық квота алатынымды да білдім. Мақсатыма осыншалық жақын болғаныма әлі күнге дейін сенбеймін. Жолдама тағдырын титтей ұпай шешіп кетті. Десе де, мен өзімді Олимпиадаға қатысуға лайық спортшы санаймын.
Білуімше, 1996 жылы Азия ойындарында командалық сыннан медаль болған. Ал Азия біріншілігінен медаль жоқ. Сондықтан, бұл мен үшін де, барлық әйелдер құрамасы үшін бірінші медаль және тарихи жүлдеге қол жеткізгенім үшін өте қуаныштымын.
Бұл марапат маған жұбаныш болды. Көбіне төртінші орында қалатынмын. Квота сарапқа салынған көпсайыста да төртінші орынды қанағат тұттым. Сол себепті, бұл медаль үшін өте қуаныштымын. Қола болса да, алтынға тең», - дейді ол.