250 мың долларға дейін: Қазақстан таеквондо федерациясы спортшыларға берілетін сыйақы көлемін жариялады
Қазақстан таеквондо федерациясы (WT) халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жеке бапкерлеріне берілетін ақшалай сыйақы мөлшерін жариялады, деп хабарлайды Sport+.
Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған спортшы 250 мың АҚШ долларын алады. Күміс жүлдегерге 50 мың, қола медаль иегеріне 20 мың доллар беріледі. Ал олардың жеке бапкерлеріне тиісінше 100 мың, 20 мың және 10 мың доллар көлемінде сыйақы қарастырылған.
Ересектер арасындағы әлем чемпионаты мен Азия ойындарында чемпион атанған спортшыға 125 мың доллар төленеді. Күміс медаль үшін 10 мың, қола жүлде үшін 5 мың доллар беріледі. Жеке бапкерлерге тиісінше 50 мың, 5 мың және 2,5 мың доллар сыйақы тағайындалады.
Азия чемпионатында бірінші орын алған спортшы 50 мың доллар алады. Екінші орынға — 5 мың, үшінші орынға — 3 мың доллар қарастырылған. Ал олардың жеке бапкерлеріне тиісінше 15 мың, 2,5 мың және 1,5 мың доллар беріледі.
Федерация өкілдерінің айтуынша, спортшылардың жоғары нәтижесін ғана емес, олардың жетістігіне үлес қосқан бапкерлердің еңбегін де лайықты бағалау маңызды.