14жасар Ксения Прозорова Қазақстан чемпионы атанды
Ауыр атлетикадан ересектер арасында Талдықорған қаласындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты жалғасуда. Жүлде үшін еліміздің 17 өңірінен 212 спортшы (136 ер, 76 әйел) талас жүргізіп жатыр. Бүгін әйелдер екі салмақ және ерлер бір салмақта чемпионды анықтады, деп хабарлайды Sport+ Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасай отырып.
Екінші күннің қорытындысы:
Ерлер (61 келі)
1. Сергей Чуев (Жетісу обл.) - 264 келі (119+145)
2. Мақсат Қуантқан (Қызылорда обл.) – 260
келі (118+142)
3. Азамат Төлеген (Қызылорда обл.) – 255 келі (111+144)
Әйелдер (55 келі)
1. Юлия Трошкина (Ақмола обл.) - 169 келі (78+91)
2. Регина Никифорова (Жетісу обл.) – 149 келі (66+83)
3. Раушан Суюнбек (Жамбыл обл.) – 144 келі (67+77)
Әйелдер (59 келі)
1. Ксения Прозорова (Алматы обл.) – 190 келі (87+103)
2. Дарья Балабаюк (Қарағанды обл.) – 174кг (78+96)
3. Валерия Иванова (Жетісу обл.) – 170 келі (80+90)
Мамандар мен жанкүйерлердің назары Алматы облысының атынан қатысып жатқан 14 жастағы Ксения Прозороваға ауды. Ол 9 айдың ішінде ересектер арасында екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып үлгерді.
«14 жастамын. Ауыр атлетикамен 4 жылдан бері айналысып келемін. Алматы облысында дүниеге келдім. Міне, екі дүркін ел чемпионы атанып отырмын. Ақпан айында Қостанайда өткен ел чемпионатында 55 келіде өнер көрсетіп, жұлқа көтеру жаттығуында 80 келі және серпе көтеру бағдарламасында 95 келіні бағындырып, абсолютті чемпион атанғанмын. Осы жолы салмағымды көтерсем де, тең келер ешкім болмады. Мені Азамат Нуруллаев пен Эмир Абатов жаттықтырады. Тұрақты режимнің (тәртіп, тамақ, жаттығу) арқасында осындай көрсеткішке жете алдым. Барлығы өз уақытымен болуда. Қазіргі сәтте жасөспірімдер Олимпиадасында дайындалып жатырмын. Басты мақсатым - 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиада ойындарында ел намысын қорғау», - деді Ксения Прозорова ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Ауыр атлетикадан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты 19 қарашада мәресіне жетеді.