Kazakhstan Open 2025: Қазақстандықтар халықаралық аренадағы көшбасшылығын дәлелдеді

14–16 тамыз аралығында Астанада таеквондодан (WT) халықаралық рейтингтік Kazakhstan Open 2025 турнирі өтті, деп хабарлайды Sport+.
G-1 санатындағы бұл жарыс World Taekwondo-ның ресми күнтізбесіне енген және Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайының даянгтарында 22 елден келген 750-ден астам спортшыны, оның ішінде Олимпиада чемпиондары, әлемдік рейтинг көшбасшылары мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын жинады.
Үш күнге созылған жарыс нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте жеңіске жетіп, ересектер, жасөспірімдер мен кадеттер арасында көшбасшылықты дәлелдеді.
— Kazakhstan Open 2025 жоғары деңгейде өтті, біз турнирдің нәтижесіне дән ризамыз. Жарысқа түрлі елдерден мықты спортшылар жиналды, жанкүйерлерге керемет жекпе-жектер сыйлады және бұл турнир нағыз спорт мерекесіне айналды. Осындай ауқымды іс-шараның Қазақстанда өтуі біз үшін үлкен мақтаныш, бұл еліміздің әлемдік таеквондодағы беделін арттырады, — деді Қазақстан таеквондо федерациясының (WT) президенті Құдрат Шамиев.
— Әсіресе, барлық халықаралық қонақтар турнирдің ұйымдастырылуына алғыстарын білдіріп, өздерін үйдегідей сезінгендерін атап өтті. Бұл — біз үшін үлкен мойындау және әрі қарай дамуға күш береді. Алда бізді тағы бір маңызды турнир — таеквондодан Гран-при финалы күтіп тұр, ол да Қазақстанда өтеді. Біз дайындықты бастап кеттік және оны ең жоғары деңгейде өткіземіз деп сенеміз. Біздің спортшыларымыз әлемдік ареналарда медаль үшін күресе алатынын дәлелдеді, біз олардың жетістіктерімен мақтанамыз.
14 тамыз күні даянгқа ересектер шықты. Қазақстан атынан елдің үздік таеквондошылары, соның ішінде Париждегі 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушылары — Самирхон Абабакиров (–63 кг) және Батырхан Төлеуғали (–80 кг) қатысты.
Бұл күні спортшылар 16 салмақ дәрежесінде (8 ер, 8 әйел) жүлделерді сарапқа салды. Бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Тунис пен Түркияны артта қалдырып, жалпыкомандалық есепте көш бастады.
— Бұл турнир біз үшін ерекше маңызды. Kazakhstan Open елімізге қайта оралды және оның осындай жоғары ұйымдастырушылық әрі спорттық деңгейде өтуіне қуаныштымыз. Қазақстандық спортшылар барлық жас санатында үздік нәтиже көрсетті. Мен жігіттеріміздің жанқиярлығына, жеңіске деген жігеріне риза болдым. Бұл — федерацияның, жаттықтырушылар штабының жүйелі еңбегінің және, әрине, спортшылардың тынымсыз дайындығының нәтижесі. Қазақстанның бүкіл әлем алдында осындай үлкен турнирлерге лайық екенін дәлелдеуі біз үшін аса маңызды, — деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов.
15 тамыз күні жарысқа жасөспірімдер шықты. Қазақстандық спортшылар жоғары шеберліктерін көрсетіп, жүлделердің басым бөлігін жеңіп алды. Күн қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленді, екінші орынға АҚШ құрамасы, үшінші орынға Сауд Арабиясы спортшылары жайғасты.
— Біздің жасөспірімдер 20 салмақ дәрежесінің 19-ында алтын жүлде жеңіп алды. Олар біз күткен сенімді ақтады. Біз нәтижеге өте қуаныштымыз. Ендігі басты мақсатымыз — қазан айында Бахрейнде өтетін Азия чемпионаты. Қыркүйектен бастап осы маңызды жарысқа белсенді дайындықты бастаймыз, — деді Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы Нұрболат Жаңбыров.
16 тамыз күні турнирді 15 жасқа дейінгі кадеттер аяқтады. Бұл күні даянгқа әлемдік таеквондоның болашақ жұлдыздары шықты. Қазақстандық кадеттер тағы да жеңіс тұғырынан көрініп, ұлттық құраманың табысын бекемдеді. Бұл күні де Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші орын — Бейтарап жеке спортшылар (AIN), үшінші орын — Палестина құрамасына бұйырды.
— Бұл турнир ұлттық кадет құрамасына енді қосылып жатқан спортшылар үшін керемет мүмкіндік болды. Жаңа есімдер пайда болды, балалар халықаралық аренада өз күшін сынап көрді. Біз бұл жолы ересек, әлем чемпионатының жүлдегерлерін әдейі құрамға қоспадық, өйткені жастарға мүмкіндік бергіміз келді. Жас таеквондошыларымыздың көрсеткен нәтижелеріне өте қуаныштымыз, — деді кадеттер құрамасының жаттықтырушысы Нұрдәулет Асханов.
Kazakhstan Open 2025 турнирі Қазақстанның әлемдік таеквондодағы орнын нығайтып қана қоймай, спортшылардың алда болатын әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына дайындығының маңызды кезеңіне айналды. World Taekwondo және шетелдік делегациялар турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.