VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — көшпелі халықтардың дәстүрлі және ұлттық спорт түрлерін сақтау, дамыту және насихаттауға, сондай-ақ дене шынықтыру мен спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған халықаралық спорттық-мәдени іс-шара.
Ойындардың салтанатты ашылу рәсімі Қырғызстан астанасындағы «Бишкек-Арена» стадионында өтіп жатыр. Орталық Азиядағы сыйымдылығы ең үлкен спорт кешеніне 50 мыңнан астам көрермен жиналды. Халықаралық деңгейдегі іс-шараның ашылу салтанатына 17 елдің президенттері, сондай-ақ әлемнің 100-ден астам елінен үш мыңға жуық спортшы қатысуда.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғыз Республикасында 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы Ойындар бағдарламасына енгізілген 43 спорт түрінен 152 спортшымен қатысуда. Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көкпардан әлем чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Тұрғанбек Құрманбек алып шықты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ойындардың ашылу салтанатына қатысып, ұлттық құрама спортшыларына қолдау білдірді.
Бүгінде министр де спортшылардың жанында болып, ұлттық құрамаға қолдау көрсетуде.
Қазақстанда дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру аясында 11 ұлттық спорт түрі басым спорт түрлерінің қатарына енгізіліп, олимпиадалық спорт түрлеріне теңестірілді. Олардың қатарында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, теңге ілу, құсбегілік, асық ату, дәстүрлі садақ ату және жекпе-жек бар.
Ойындар бағдарламасына енгізілген 43 спорт түрінен жарыстар 1 қыркүйекте басталып, үш спорт нысанында, сондай-ақ Чолпон-Ата қаласындағы Қырчын жайлауында өтеді.