«Үміт сәулесі» - қайсар спортшының өмір жолы. Пара дзюдодан әлем чемпионы жайында фильм жарыққа шықты
Астанада пара дзюдодан әлем чемпионы Ерғали Шамейдің өміріне негізделген «Үміт сәулесі» қысқаметражды фильмінің тұсаукесері өткізілді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығының ұйымдастыруымен өткен көрсетілімде осы туындыға өмірлік оқиғасы негіз болған пара дзюдодан әлем чемпионы, Ханчжоудағы Азия пара ойындарының жеңімпазы Ерғали Шамей ендігі мақсаты Париж паралимпиадасында жүлде салу екендігін айтты, сонымен қатар бұл фильмнің жастарға берері мол екенін жеткізді:
«Фильмде менің рөлімді өзіме түр-әлпеті өте ұқсайтын актер Назар Шархан сомдап шықты. Соңғы эпизодтарда бас кейіпкерге жеңілген қарсыласы ретінде түстім. Бұл фильм кәсіби спортқа қадам басуға қандай да бір қорқынышы бар жастарға жақсы көмек болады деп ойлаймын. Өйткені туындыда спорттағы жолым қалай басталғаны көрсетіледі. Сол кездегі қорқыныш, қиындық және соны қалай жеңе білгенім жайында. Сондықтан, спорттың насихатына көмегін тигізіп, жастарды батылдыққа шақыратын фильмнің жарыққа шығуына атсалысқан әрбір жанға алғыс білдіремін»
Оқыс жағдайда қос жанарынан айырылған Ерғали Шамей тағдырдың талай қиындығына төтеп беріп, ауыр жұмыс істеп жүрген жерінен бапкердің көзіне түседі. Осылайша, пара дзюдомен танысады. Жоба продюссері Жалын Тілеубергеннің айтуынша, идея туындаған сәттен, бүгінгі күнге дейін ұзақ уақыт өткен:
«Бұл спорттық-мотивациялық бағыттағы дебюттік жобамыз. Әбден иі қанған, бес жыл көрермен күткен фильм»
Режиссер Думан Еркінбектің сөзінше, басты мақсат дара спортшының өмірлік жолын, спорттағы алғашқы қадамын көрсету болған:
«Идея авторы және сценарист - Ертас Жақыпбай. Ол Ерғалидің оқиғасын біліп, көпшілікке көрсеткісі келген. Кейін Ерғали Алматыға келіп, оқиғасын өз аузынан естіп, сценарийге өзгерістер енгіздік. Түсірілім жеті күнге жалғасты. Экшн емес, спорттағы жолын қалай бастағанын айтуды жөн көрдік»
«Үміт сәулесі» қысқаметражды фильмі халықаралық деңгейде марапатталған. Кениядағы KISFF2023 кинофестивалінде беделді Special Mention Award номинациясына лайық танылып, Барселонадағы BCN Sports Film Festival фестивалінде кино мамандарының тарапынан жоғары бағаланған.