Ұлан-Батордағы дзюдодан Grand Slam: Қазақстан Олимпиада жолдамалары үшін күресті бастайды
19-21 маусым аралығында Ұлан-Баторда (Моңғолия) дзюдодан Grand Slam сериясының турнирі өтеді. Бұл жарыстың маңызы ерекше, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Себебі дәл осы бәсекеден 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі ресми түрде басталады. Толығырақ Olympic.kz материалында.
Дзюдодан Олимпиадаға іріктеу кезеңі екі жылға созылып, 2028 жылдың 12 маусымында аяқталады. Осы уақыт ішінде спортшылар рейтингтік ұпайларды тұрақты түрде жинап, іріктеу соңына дейін үздіктер қатарында қалуға және Олимпиада жолдамасына үміткер болуға тиіс.
Жалпы дзюдода 14 салмақ дәрежесі бойынша ерлер мен әйелдер арасында тең бөлінетін 372 лицензия сарапқа салынады. Іріктеудің негізгі жолы — әлемдік рейтинг. Әр салмақта рейтингтегі үздік 17 дзюдошы тікелей жолдама алады. Алайда бір елден бір салмақта бір ғана спортшы іріктеле алады. Қалған лицензиялар құрлықтық және командалық квоталар, wild card жүйесі, сондай-ақ Олимпиада қожайынына автоматты түрде берілетін орындар арқылы бөлінеді.
Көптеген құрамалар рейтингтік ұпайлар үшін күресті кейінге қалдырмай, жаңа циклдің алғашқы турниріне ең мықты спортшыларын алып келді. Сондықтан Моңғолиядағы Grand Slam биылғы маусымдағы ең беделді және ең ауқымды жарыстардың бірі болмақ. Татамиге әлемнің 50-ден астам елінен Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері шығады.
Жапония Ұлан-Батордағы жарысқа ең үздік құрамын әкеледі. Қатысушылар қатарында Олимпиаданың күміс жүлдегері және 90 келіге дейінгі салмақта әлем рейтингінің көшбасшысы Сансширо Мурао, Олимпиаданың қола жүлдегері Рюдзю Нагаяма (60 келіге дейін), әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері Вакана Кога (48 келіге дейін), сондай-ақ Олимпиада чемпионы әрі әлемдегі ең танымал дзюдошылардың бірі Ута Абэ (52 келіге дейін) бар.
81 келіге дейінгі салмақтағы бәсеке де ерекше қызығушылық тудырады. Бұл салмақта Ресей өкілі, әлем рейтингінің көшбасшысы Тимур Арбузов кезекті жүлдесі үшін күреседі. Соңғы маусымдардың ең жарқын дзюдошыларының бірі саналатын Арбузов қатысқан кез келген жарыстың басты фаворитіне айналып үлгерді. Биыл ол Еуропа чемпионатында жеңіске жетті. Ресей құрамасында сондай-ақ екі дүркін әлем чемпионы Инал Тасоев (+100 келі) пен Еуропа чемпионы Мурад Чопанов (66 келіге дейін) бар.
Грузия құрамасы да өз көшбасшыларын жарысқа қосты. Қатысушылар қатарында Олимпиада ойындарының толық жүлде жиынтығын иеленген Лаша Шавдатуашвили (73 келіге дейін), Олимпиаданың күміс жүлдегері Илия Суламанидзе (100 келіге дейін) және 2024 жылғы әлем чемпионы Георгий Сардалашвили (60 келіге дейін) бар.
Франция құрамасының да құрамы өте мықты. Ұлан-Батор татамиіне Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері әрі командалық турнирдің Олимпиада чемпионы, Париждегі Олимпиада финалында қазақстандық Елдос Сметовтен жеңілген спортшы Лука Мхеидзе (60 келіге дейін), екі дүркін Олимпиада чемпионы Романе Дико (+78 келі) және Олимпиада жеңімпазы Ширин Букли (48 келіге дейін) шығады.
Әлемдегі ең мықты командалардың бірі саналатын Моңғолия өз жеріндегі жарысқа өте көп құраммен қатысады. Жанкүйерлердің назары әсіресе Баасанхүү Бавуудоржға (48 келіге дейін) ауады. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері әрі әлем чемпионы ұзақ үзілістен кейін халықаралық аренаға оралады. Олимпиада жүлдесін жеңіп алғаннан кейін ол ірі халықаралық турнирлерге қатыспаған. Сондықтан алдағы Grand Slam жарысының басты сұрақтарының бірі — оның қазіргі спорттық дайындығы болмақ.
Сонымен қатар Моңғолия астанасында Олимпиаданың қола жүлдегері және әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері Ли Джун Хван (81 келіге дейін, Оңтүстік Корея), Олимпиаданың күміс жүлдегері Раз Хершко (+78 келі, Израиль), әлем чемпионатының қола жүлдегері Махмадбек Махмадбеков (73 келіге дейін, БАӘ), Олимпиада және әлем чемпионы Зелим Коцоев (100 келіге дейін, Әзербайжан), Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Михаэла Поллерес (70 келіге дейін, Аустрия) да бақ сынайды.
Қазақстан құрамасы Grand Slam турниріне 20 спортшымен қатысады.
Ерлер:
60 келіге дейін: Аман Бақытжан, Мағжан Шамшадин
66 келіге дейін: Нұрқанат Серікбаев, Ақжігіт Насыр
73 келіге дейін: Есет Қуанов, Аңсарбек Ғайнуллин
81 келіге дейін: Жалғас Қайролла, Асқар Нарқұлов
90 келіге дейін: Нұржан Бисенов, Айбол Нысаналы
100 келіге дейін: Марат Байқамұров
Әйелдер:
48 келіге дейін: Ғалия Тыңбаева, Диана Бүркеева
52 келіге дейін: Аружан Ережепова
57 келіге дейін: Дана Әбдірова, Дина Мұханбет
63 келіге дейін: Самалай Ерғалиева, Дәмеля Асылханова
78 келіден жоғары: Камила Берліқаш, Ақерке Рамазанова
Құрамға биыл халықаралық аренада жақсы нәтижелерге қол жеткізген спортшылар енді. Астанада өткен Grand Slam турнирінде Жалғас Қайролла мен Марат Байқамұров алтын медаль жеңіп алса, Аңсарбек Ғайнуллин мен Камила Берліқаш жүлдегерлер қатарына кірді. Нұрқанат Серікбаев биыл Тбилисидегі Grand Slam жарысының жеңімпазы атанса, Аман Бақытжан Париждегі беделді турнирде қола медаль иеленді.
Басқа құрамалар сияқты Қазақстан үшін де Моңғолиядағы жарыс Олимпиада жолдамалары үшін күрестің алғашқы кезеңі болмақ. Сондықтан бұл турнирде тек медальдар ғана емес, алдағы екі жыл бойы спортшылардың рейтингтегі орнын анықтайтын маңызды ұпайлар да сарапқа салынады. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлан-Батордағы табысты нәтиже Лос-Анджелес Олимпиадасына апарар жолдағы маңызды қадамдардың біріне айналуы мүмкін.
Айта кетейік, Ұлан-Батордағы Grand Slam турнирі 19-21 маусым аралығында өтеді.