logo

Түркия Суперлигасындағы рекордтық трансферлер: жаңа маусым қарсаңындағы басты 5 келісім

Түркия Суперлигасындағы рекордтық трансферлер: жаңа маусым қарсаңындағы басты 5 келісім

Биылғы жаз Түркия Суперлигасында атақты футболшылардың ауыс-түйістері бойынша рекордты кезең болды. Клубтар әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды тарту үшін қаржыдан аянбай, жанкүйерлер жаңа маусымның қызу бәсекесін асыға күтуде. Чемпионаттың басталуына орай Sport+ Qazaqstan телеарнасының редакциясы осы трансферлік кезеңнің ең ірі бес келісімін ұсынады.

Осимен рекордтық сомаға «Галатасарайдың» ойыншысы атанды 

«Галатасарай» Түркия тарихындағы ең қымбат трансферді жүзеге асырды. Бірқатар еуропалық клубтардың қызығушылығына қарамастан, нигериялық шабуылшы Виктор Осимен карьерасын Стамбулда жалғастыруды таңдады. «Наполиден» оның трансфері үшін 75 млн еуро және қосымша 5 млн еуро бонус төленді. Футболшы төрт жылдық келісімшартқа отырып, жылына 15 млн еуро жалақы және 10 млн еуро көлемінде демеушілік табыс алады. Бұл келісім клуб пен жалпы Суперлига тарихындағы ең қымбат сатып алу болып отыр.

Сане еркін агент ретінде «Галатасарайға» өтті

«Баварияның» бұрынғы ойыншысы Лерой Сане Түркияны таңдады. «Арсенал», «Тоттенхэм» және «Наполи» қызығушылық танытқанына қарамастан, ол мюнхендік клубпен келісімі аяқталған соң «Галатасараймен» үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Оның жылдық жалақысы 9 млн еуро, ал бонустармен бірге табысы 15 млн еуроға жетуі мүмкін. Сане мансабын аяқтаған Дрис Мертенстің орнын басады деп күтілуде.

Абрахам маусымды «Бешікташта» өткізеді

Ағылшын шабуылшысы Италияны Түркияға ауыстырды. «Рома» мен «Бешікташ» Тэмми Абрахамды міндетті сатып алу шартымен жалға алу жөнінде келісімге келді. Аренда үшін түрік клубы 2 млн еуро, ал трансфер үшін 13 млн еуро (бонустармен 17 млн еуроға дейін) төлейді. Футболшы төрт жылдық келісімге қол қойып, жылына шамамен 4 млн еуро жалақы алады. «Челсидің» түлегі туған клубынан кеткеннен бері мансабында төмендеу болғанымен, Түркияға ауысу – оның жұлдызын қайта жандандыруға мүмкіндік.

«Фенербахче» ПСЖ-дан Шкриньярды толық сатып алды

Словакиялық қорғаушы Милан Шкриньяр бір жылдық арендадан кейін «Фенербахчемен» төрт жылдық толыққанды келісімшарт жасасты. Ол жылына 8 млн еуро жалақы алады. Өткен маусымда Жозе Моуриньоның жетекшілігімен команданың көшбасшыларының біріне айналған Шкриньяр ПСЖ-дан 7 млн еуроға сатып алынды.

Амрабат «Фенербахчеде» тұрақты ойыншы болды

Марокколық жартылай қорғаушы Софьян Амрабат та «Фенербахчеге» арендадан кейін тұрақты түрде өтті. «Фиорентинадан» оның трансфері 12 млн еуроға жүзеге асты. Келісімшарт 2025 жылдың 1 шілдесінен күшіне енді. Амрабат орталық алаңдағы тұрақты ойынымен клубтың негізгі ойыншыларының біріне айналды. Клубтың пікірі бойынша, бұл ойынымен спортшы чемпиондық пен Еуропадағы табысқа алып келе алады.

Айта кетейік, 2025–26 жылғы Түркия Суперлигасының барлық маусымын Sport+ Qazaqstan телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан тамашалай аласыздар.



Күн шежіресі