Түлкібаста Орынбек Айтбаевты еске алуға арналған облыстық турнир өтті

Түлкібаста Орынбек Айтбаевты еске алуға арналған облыстық турнир өтті

Түлкібас ауданында белгілі спортшы Орынбек Айтбаевты еске алуға арналған дәстүрлі облыстық турнир өз мәресіне жетті. Биыл 30-рет жалауы желбіреген байрақты бәсеке футбол, волейбол және шахмат сынды спорттың үш түрінен ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын ту еткен аймақтық додаға 100-ден астам спортшы қатысып, бақтары мен баптарын сынады.

Жарыс барысында спортшылар жоғары дайындықтары мен жеңіске деген үлкен ұмтылыстарын көрсетті. Интеллектуалдық дамуды қажет ететін шахмат тақтасында да, физикалық белсенділікті талап ететін футбол мен волейбол алаңдарында да тартысты әрі қызықты ойындар өтті. Турнир қорытындысы бойынша үздік шыққан командалар мен дараланған спортшылар арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар спорттық дода аясында ел мақтанышы, спорт саңлағы Орынбек Айтбаевтың рухына тағзым етіліп, арнайы ас берілді. Шараға жиналған қауым, ардагерлер мен спортшылар марқұмның өнегелі өмір жолы мен аймақтағы спорттың дамуына қосқан үлесін еске алды.

Қоғам қайраткері, Орынбек Айтбаевтың бауыры Қайрат Айтбайдың айтуынша, мұндай турнирлер салауатты өмір салты қағидасын қоғамда кеңінен енгізіп қана қоймай, ауыл жастары арасынан жаңа чемпиондардың шығуына және спорт арқылы ел бірлігін нығайтуға үлкен септігін тигізеді.

«Бауырымыз Орынбек Айтбаевтың есімін ұлықтап, бұл турнирді отыз жыл бойы үзбей өткізіп келе жатқанымыз – біз үшін үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы ұлт саулығы мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Біздің де басты мақсатымыз – Президенттің салауатты өмір салтын ұстану қағидасын жастар арасында кеңінен насихаттау, ауыл спортшыларына қолдау көрсету. Бүгінгі додада 100-ден астам спортшы бақ сынасты. Бұл – аймақта бұқаралық спортқа деген қызығушылықтың жоғары екенінің дәлелі. Атсалысқан барша азаматтарға және қолдау көрсеткен аудан жұртшылығына алғысымыз шексіз», – деді Қайрат Орынбайұлы.

Түлкібаста Орынбек Айтбаевты еске алуға арналған облыстық турнир өтті

ЖАРЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ЖЕҢІМПАЗДАР МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕР
Футбол
І орын — «Түлкібас» командасы
Жүлдесі: 200 000 теңге + теледидар
ІІ орын — «Машат» командасы
Жүлдесі: 150 000 теңге + толқынды пеш
ІІІ орын — «Шақпақ» командасы
Жүлдесі: 100 000 теңге + кілем
Волейбол
І орын — «Түлкібас» командасы
Жүлдесі: 200 000 теңге + теледидар
ІІ орын — «Бәйдібек» командасы
Жүлдесі: 150 000 теңге + толқынды пеш
ІІІ орын — «Қарабұлақ» командасы
Жүлдесі: 100 000 теңге + кілем
Шахмат
1) Қарабұлақ (Сайрам ауданы)
2) Сарыағаш ауданы
3) Төле би ауданы
4) Төле би ауданы
Арнайы номинациялар
Үздік ойыншы — Жұрамбеков Ғабит
Түлкібас
Үздік ардагер — Жанасбек Мәлік
Түлкібас
Үздік төреші — Сапарбек Сабит
Түлкібас



Күн шежіресі