Төрехан Сабырхан жастар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Төрехан Сабырхан (67 келі) жартылай финалға өтті, деп хабарлайды Sport +.
Қазақстандық боксшы ширек финалда өзбекстандық Акбар Ахмадовты жеңді. Енді ол жартылай финалда қытайлық боксшымен қолғап түйістіреді.
Төрехан бұдан бұрын черногориялық Милош Роганович пен ауғанстандық Самир Хамдамды тізе бүктірді.
Қазақстандық боксшы жастар мен жасөспірімдер арасында төрт мәрте Азия чемпионаты атанды.
Айта кетсек, бұдан бұрын әлем чемпионатында ширек финалда Диас Берікбай (48 келі) испандық қарсыласын 3:2 есебімен жеңді. Оның жартылай финалдағы қарсыласы - Сайфиддин Сабиров (Өзбекстан).