«Тобыл» Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті
Қостанайдың «Тобылы» УЕФА Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстандық клуб екі матчтың қорытындысы бойынша Литваның «Паневежис» командасын жеңіп, келесі кезеңге шықты.
Қостанайда өткен қарымта кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Есепті 33-минутта қонақтар сапынан Наурис Петкявичюс ашқанымен, бірінші таймға қосылған уақытта Мохамед Амин Талал таразы басын теңестірді.
Литвада өткен алғашқы матч та дәл осындай 1:1 есебімен аяқталғандықтан, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Онда «Тобыл» ойыншылары дәлдік танытып, 3:2 есебімен жеңіске жетті және турнирдің үшінші іріктеу кезеңіне өтті.
«Тобыл» (Қазақстан) — «Паневежис» (Литва) — 1:1 (пенальти сериясы — 3:2)
Голдар: Мохамед Амин Талал, 45+3 — Наурис Петкявичюс, 33