Теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатының іріктеуіне қатысып жатыр
Кучингте (Малайзия) World Junior Tennis Competition 14& under Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің матчтары басталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Жеребе қорытындысына сәйкес 14 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан қыздар құрамасы В тобына түсті.
Онда Иран, Малайзия және Индонезия командаларымен ойнайды.
Аталмыш бәсекеде Қазақстан намысын мына спортшылар қорғап жатыр: Найля Баймахан, Екатерина Кирюшенко және Медина Өтепберген. Команда капитаны — Марат Шәріпов.
Қазақстан құрамасы бүгін алғашқы матчында Индонезияға 1:2 есебімен жол берді.
Медина Өтепберген Путри Хансадан 5:7, 1:6 есебімен ұтылса, Найля Баймахан Курниаван Эмелиден басым түсті — 2:6, 6:2, 6:2.
Шешуші, жұптық сында Н.Баймахан — Е.Кирюшенко Путри — Эмелиден айласын асыра алмады — 2:6, 6:7 (2:7).
Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне барлығы 16 команда қатысуда. Олар төрт топқа бөлінген. Плей-офф бәсекесіне әр топтан екі құрамадан шығып, командалық әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салады.