Теңге ілуден халықаралық федерация құрылды
Алматы облысында өтіп жатқан Азия чемпионаты қарсаңында Теңге ілуден халықаралық федерациясы құрылды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Федерацияның негізін қалаған мемлекеттер: Қазақстан, Қытай, Моңғолия және Венгрия елдерінің ұлттық федерациялары.
Халықаралық федерацияның басшысы болып қазақстандық кәсіпкер, Теңге ілу республикалық федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров сайланды. Атқарушы директор болып Айбек Түркебай бекітілді.
Жаңадан құрылған федерацияның вице-президенті болып Қытай өкілі Жи Жияуинь тағайындалды. Негізін қалағандардың қатарына Венгрия этноспорт федерациясының президенті Aттила Хоттак, Монғолия Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Ром Ауесхан кірді.
Арнайы ұйымдастырылған конференцияда теңге ілу спортының ортақ ережесі қабылданып, болашақ жоспары талқыланды.