Шымкенттегі ATP Challenger: Евсеев пен Омарханов басты бәсекеде кім мықтыны анықтады
Шымкентте өтіп жатқан екінші ATP Challenger 50 турнирінде негізгі кезең ойындары жалғасуда. Бүгінгі жарыс күнінің басты оқиғасы – тәжірибе мен жастық жігер түйіскен қазақстандық дерби болды.
Ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі Денис Евсеев (№408 ATP) екі сет қорытындысы бойынша жеңіске жетті. 32 жастағы теннисші 18 жасар Амир Омархановтан (№612 ATP) 6:3, 6:2 есебімен басым түсті. 1 сағат 18 минутқа созылған бұл кездесу Евсеевтің фаворит екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, Амир Омарханов үшін мұндай деңгейдегі турнирдің негізгі кезеңінде өнер көрсету – кәсіби турдағы баға жетпес үлкен тәжірибе болды.
Жарыс бағдарламасын тағы бір маңызды бәсеке жалғастырады. Юниорлар арасындағы әлемдік рейтингтің үздік ондығына кіретін 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы келесі кезеңге шығу үшін турнирдің бірінші нөмірлі теннисшісі, литвалық Эдас Бутвиласпен (№261 ATP) күш сынасады.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкенттегі турнирлер топтамасын қорытындылайтын бұл дода 3 мамырға дейін жалғасады.
Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!