SPORT+ Qazaqstan футзалдан Суперлига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының таратушысы атанды
Енді ел чемпионатының матчтары көрермендерге тікелей эфирде және ашық қолжетімділікте көрсетіледі, сондай-ақ еліміз бойынша кабельдік операторлардың желілері арқылы таратылады.
Жаңа серіктестіктің басты міндеттерінің бірі — қазақстандық футзалды еліміздің барлық өңіріндегі жанкүйерлер үшін барынша қолжетімді ету. Көрермендер тұрғылықты жеріне қарамастан чемпионаттың басты матчтарын тамашалап, сүйікті командаларына тікелей эфирде қолдау көрсете алады.
«Біз үшін қазақстандық футзалдың бүкіл елдегі көрермендерге қолжетімді болуы аса маңызды. SPORT+ Qazaqstan ашық қолжетімділікте хабар таратады және кабельдік желілерде де ұсынылған. Сондықтан енді әр өңірдегі жанкүйерлер чемпионаттың үздік матчтарын тікелей эфирде көре алады. Футзал елімізде шынымен де кеңінен танымал, оның үлкен әрі тұрақты жанкүйерлер аудиториясы бар. Біз матчтарды жай ғана көрсетіп қоймай, чемпионаттың танымалдығын арттыруға, командалар мен ойыншылар туралы кеңінен әңгімелеуге және қазақстандық футзалдың одан әрі дамуы мен дәріптелуіне бірге үлес қосуға ниеттіміз», — деді SPORT+ телеарнасының креативті директоры Асхат Жақаев.
Қазақстан кәсіпқой футзал лигасының президенті Талғат Қосмұхамбетов:
«ҚКФЛ мен SPORT+ Qazaqstan арасындағы келісімге қол қою — қазақстандық футзалды дамыту жолындағы тағы бір маңызды қадам. Осы ынтымақтастықтың арқасында Суперлига командалары арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының матчтары бүкіл елдегі жанкүйерлер үшін бұрынғыдан да қолжетімді бола түседі.
Біз чемпионатты жанкүйерлер, клубтар және серіктестеріміз үшін сапалы, тартымды әрі қызықты ету бағытында жүйелі түрде жұмыс істеп келеміз. Біз үшін спорттық құрамдас бөлікпен қатар чемпионаттың медиалық танымалдығын дамыту да маңызды.
Бұл ынтымақтастық қазақстандық футзал дамуының жаңа кезеңіндегі маңызды қадамдардың біріне айналатынына сенімдімін.
SPORT+ Qazaqstan арнасына сенім мен қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын. Бірлесе отырып, футзалымыздың дамуы үшін бұдан да көп жұмыс атқара аламыз деп сенемін».
Жаңа телевизиялық формат чемпионат аудиториясын кеңейтуге, клубтар мен ойыншылардың танымалдығын арттыруға, ел біріншілігіне қосымша назар аудартуға және футзалды Қазақстанның спорттық медиакеңістігінің одан да маңызды бөлігіне айналдыруға мүмкіндік береді.