Сабина Алтынбекова тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қатысты пікірін айтты
Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сенатта мақұлданған заң туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
11 сәуірде сенатта әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық туралы кей заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мақұлданған еді.
Осыған қатысты волейболшы Сабина Алтынбекова Instagram-дағы парақшасында пікірін айтты.
«Бұл заңның кері тұсы бар және заңның мақсаты некені бұзу, балаларды алып қою деп ойлайтын еркектер (кейбір) және ешқашан зорлыққа (кез келген түрі) ұшырамағандар деп топшылаймын.
Мен бұл заң қоғамға және Қазақстанның болашағына оң әсер ететініне сенімдімін. Зорлық – біздің қоғамның соры, онымен күресу керек.
Ал «Батыс демографиямызды құлдырататын заңдарды әдейі дәріптеп жатыр» деген пікірлер бізді қайтадан орта ғасырға тартады», – деп жазды Алтынбекова.