Ризабек Айтмұхан: Жаңа салмақта қарсыластармен тең дәрежеде күресетін қалыпқа келдім
Ризабек Айтмұхан еркін күрестен жастар арасында әлем чемпионы атанған соң ақтық белдесуі және салмақ ауыстыруы жайында пікірін білдірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Алланың қалауымен жастар арасында әлем чемпионы атандым. Финалдағы қарсыласыммен бір бірімізді бұрыннан танимыз. Екеуміз де әрекетімізді біліп отырдық деп ойлаймын. Бұл - күрес, бәрі де мүмкін.
Париж Олимпиадасы қарсаңында 92 келіден 97 келі салмақ дәрежесіне ауыстым. Бұл өте қиын кезең болды. Жылдамдық пен тактика тұрғысынан бәрі жақсы болғанымен, физикалық жағдайым көңілден шықпады. Сондықтан, осы салмақтың үздік балуандармен тең дәрежеде күресе алмадым. Қазір араға жарты жыл салып, бәрімен күресуге дайын екенімді сеземін. Әрине, биылға басты мақсатым Олимпиада еді. Дегенмен, бұйырғаны әлем чемпиондығы және Азия чемпионатының күмісі болды. Кем дегенде бір жылдық жоспарды орындадық деп ойлаймын.
Биыл ересектер арасында Олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионаты бар. Бірақ Испанияда кішкене артық салмақ болып, қалың киініп жүгіріп, оны түсіруге тура келді. Сондықтан, бұрынғы салмаққа қайтып оралмайтынымды түсіндім. Денсаулығымды оған құртқым келмейді, әлі жаспын, осы салмақта әлі де жетістіктерге жетемін деген үміттемін», - деді балуан.