Ризабек Айтмұхан: Снайдерден реванш алғым келеді

Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан Namys Fighting басылымына берген сұхбатында Алматыда өткен PWL-8 турниріндегі АҚШ-тың Олимпиада чемпионы Кайл Снайдермен болған белдесуі жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport+.
— Көп нәрсе ойдағыдай болмады. Жоспар бойынша жұмыс істеймін деп ойладым, бірақ кеш қосылдым, ұпайларды жіберіп алдым, қуып жете алмадым, соңында да қателіктер жібердім.
— Физикалық күш жетіспеді ме?
— Иә, оның күшті екені сезілді, 97 келіде біраздан бері нығайып алған. Дегенмен, бірдеңе істеуге болар еді, бірақ басында ұпай беріп қойдым, қуып жетемін деп ойладым… Ол сауатты қорғанып, тіпті қарымта шабуыл жасап отырды.
— Қайтадан жаттығу залына қашан ораласың?
— Ертең таңертең, жаттығуға барамын. Бұнымен тоқтап қалмаймыз, өте көп қателік жібердік, енді жұмыс істейміз. Негізгі мақсат — бұл турнир емес. Биыл әлем чемпионаты өтеді, соған дайындалу керек, рухымыз түспейді.
— Снайдерден реванш алғың келе ме? Оған қарсы дайындалуға қанша уақыт керек деп ойлайсың?
— Әрине, реванш алғым келеді. Егер Әлем чемпионатында бізді жеребе қайта жолықтырса, онда сол жерде реванш аламыз деп ойлаймын. Снайдер секілді атақты болу үшін көп жұмыс істеу керек, сондықтан бос уақыт жоқ, тек еңбектенеміз.
Еске сала кетейік, балуандар 97 келі салмақ дәрежесінде белдескен болатын. Кездесуде Кайл Снайдер 8:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.