Ресей Кубогының жеңімпаз бапкері «Ақтөбені» жаттықтырады
«Ақтөбе» клубы 51 жастағы маман Игорь Черевченконың команданың бас бапкері қызметіне тағайындалғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Игорь Черевченко Тәжікстанда дүниеге келген. Ол футболшылық мансабын «Памир» клубында бастаған. Кейін Ресейге қоныс аударып, мәскеулік «Локомотив» пен «Торпедо», сондай-ақ Владикавказдың «Алания» клубтарының намысын қорғады.
Бапкер ретінде Черевченко мәскеулік «Локомотивті» жаттықтырып, командамен бірге Ресей Кубогын жеңіп алғаннан кейін танылды. Кейін ол Ресейдің «Балтика», Тула қаласының «Арсенал», «Химки» және «Факел» клубтарын басқарды.
Сондай-ақ маман Тәжікстанның «Истиклол» клубын сәтті жаттықтырып, қатарынан үш маусым ел чемпионы атанды. Бұдан бөлек, командамен бірге Тәжікстан Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алып, оның жетекшілігімен АФК Чемпиондар лигасына жолдама алды.