Рафаэль Уразбахтин: Алдымен «Пафоспен» ойында 100 пайыз күш саламыз, содан кейін «Астана» туралы ойланамыз

Алматылық «Қайраттың» бас бапкері УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында өтетін кипрлік «Пафоспен» матч қарсаңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Sport+.
— Ертеңгі ойынды асыға күтіп отырмыз. Бірнеше күн бұрын Петропавлға ауыр сапар жасадық. Заруцкий мен Эдмилсоннан басқа барлық ойыншылар дайын.
— «Астана» кеше «Ақтөбеден» басым түсті. Енді чемпиондық тағдыры өзара кездесуде шешіледі. Бұл жағдай матчқа дайындық жоспарыңызға әсер етті ме?
— Жоспарлар өзгерген жоқ. Біз «Астананың» жеңетініне сенімді болдық, және бәрі өзара кездесуде шешілетінін білдік. Бірақ алдымен «Пафоспен» ойнаймыз, сол матчқа бар күшімізді саламыз. Содан кейін ғана «Астана» туралы ойланамыз.
— «Пафоспен» ойынға билеттердің бағасы «Реалмен» матчтағыдай қалып қойды. Бұған қатысты не айтасыз?
— Билет бағасы менің құзыретіме кірмейді. Бұл сұрақты клуб басшылығына қойған дұрыс деп ойлаймын.
— Сіз «Астана» міндетті түрде жеңеді деп айттыңыз. Бұл «Астана» команда ретінде мықтырақ болғандықтан ба, әлде бұл сөздің астарында басқа нәрсе бар ма?
— Жоқ, мен жай ғана «Астана» мықтырақ және фаворит болды деп ойладым. Сөзге жабысып, астар іздеудің қажеті жоқ.
— Алдағы аптада екі аса маңызды матч күтіп тұр. Осыны ескере отырып, құрамда ротация бола ма?
— Екі матчта да ротация болмайды. Қалпына келуге жеткілікті уақыт бар. Кім дайын болса — сол ойнайды.
— Қақпашылардың жағдайы туралы айтып өтсеңіз. Ертең кім қақпада тұрады?
— Барлық қақпашылар сапта. Заруцкий арнайы жаттығуларына қайта кірісті, Темірлан мен Шерхан да дайын. Ертең кім ойнайтынын қақпашылар бапкері Илья Юров шешеді. Мен әзірге нақты айта алмаймын.
— Соңғы бірнеше айда «Қайрат» ментал тұрғыда өсті деп ойлайсыз ба?
— Иә, дәл солай. Бұл Қазақстан чемпионатының ойындарынан-ақ байқалады — біз сабырлырақ және сенімдірек ойнай бастадық. Тіпті Чемпиондар лигасындағы матчтарда да өзімізді еркін сезінеміз. Кейбір футболшылар турнир басталар алдында сәл қобалжыған болатын, бірақ қазір олардың ментал және физикалық тұрғыдан айтарлықтай өскені көрініп тұр.