logo

QJL құрамасы «Атлетико Мадридпен» тартысты ойын өткізді

QJL құрамасы «Атлетико Мадридпен» тартысты ойын өткізді

23 тамыз күні Алматыдағы «Хан-Тәңірі» стадионында Freedom QJ League ұйымдастырған дәстүрлі Жұлдыздар матчы өтті. Бұл жолы Лиганың үздік ойыншыларынан құралған QJL All Star құрамасы Еуропаның беделді клубтарының бірі — испаниялық «Атлетико Мадрид» академиясының түлектерімен кездесті.

Жұлдыздар құрамасының ойыншылар тізімі Лиганың спорттық-аналитикалық бөлімімен жасақталды. Сарапшылар маусым бойы әр футболшының мықты және әлсіз тұстарын мұқият талдап, үздіктерді анықтады.

Матч алдында команда оңтүстік астанада оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бұл жиын ойыншылардың әлеуетін толық ашып, алаңдағы өзара түсіністікті жақсартуға бағытталды.

Сондай-ақ, матч қарсаңында QJL All Star мен «Атлетико» ойыншылары тауда өткен бірлескен гала-кешкі асқа қатысты. Бұл шара болашақ қарсыластарды жақынырақ таныстырып, испандық қонақтарға қазақ мәдениетін таныстыруға мүмкіндік берді.

Freedom Ticketon арқылы сатылған барлық билеттер түгел сатылып, стадион трибуналарында 3 115 көрермен жиналды.

Стадион есіктері 18:30–дан бастап ашылды. Кештің жалпы концепциясы неон жарығы мен заманауи технологиялар эстетикасымен безендірілді. Бұл тақырып ойын алдындағы интерактивтер мен көріністерге де әсер етті.

Ойын басталар алдында ерекше лазерлік шоу көрсетіліп, бұған дейін өткен Жұлдыздар матчтары еске алынды. Ол кездесулерде QJL All Star құрамасы Super bol жобасы мен «Црвена Звезда» академиясына қарсы ойнап, 6:1 және 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді.

Содан кейін көрермендерге Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, Испанияның Қазақстандағы елшісі Франсиско Мартинес Монтес, Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, «Атлетико Мадрид» академиясының Қазақстандағы директоры Шалқар Нұртелі және Лига президенті Рохус Шох сөз сөйледі.

Матч алдында Қазақстан мен Испанияның мемлекеттік әнұрандары орындалып, төреші ысқырығы ойынның басталғанын хабарлады. Испаниялықтар бастаманы бірден қолға алып, 9-минутта Гонсало Гросстың голымен есеп ашты. Бірінші таймда басқа гол соғылған жоқ.

Үзілісте көрермендер тағы бір лазерлік перформансты тамашалады — бұл жолы шоуға би тобы қатысты.

Екінші таймда QJL All Star таразы басын теңестіре алды — 58-минутта қонақтар қақпасын Максат Абраев дәл көздеді. Ойынның тағдыры пенальти сериясында шешіліп, испаниялықтар жеңіске жетті.

Матчтың үздік ойыншылары (Changan MVP of the Match) ретінде QJL All Star қақпашысы, павлодарлық «Ертіштің» өкілі Мәдияр Төлеубек пен «Атлетико» жартылай қорғаушысы Альваро Тамарго Гомес танылды.



Күн шежіресі