QJ League үздік қақпашысы ҚПЛ клубымен келісім-шартқа отырды
«Ақтөбе» шәкірті Саятхан Құсайынов өз мансабындағы алғашқы кәсіби келісім-шартына қол қойды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Ойыншы мен «Ақтөбе» арасындағы келісім үш маусымға жарамды.
Қазіргі уақытта Құсайынов негізгі құраммен бірге Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүр және осы жаңалықтан алған әсерімен бөлісті:
Туған жерімнің клубымен келісім-шартқа отырғанымызға өте қуаныштымын. Бұл үлкен жетістік деп білемін, дегенмен бізге жұмысты жалғастыру керек!
Бірінші кезекте ата-анама хабарластым, қатты қуанып, мені құттықтады. Кейін әлеуметтік желіден біліп, басқалар да жылы лебіздерін жолдады. Болашақта Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі ойыншысы атанғым келеді. Менің тәжірибем аз, жас қақпашы болғандықтан, менен қашан да ақылын аямайтын Игорь Шацкийден үлгі аламын.