Қазақстандық теннисшілер Астанадағы ATP Challenger 50 турнирінің негізгі кезеңінде сынға түседі

Қазақстандық теннисшілер Астанадағы ATP Challenger 50 турнирінің негізгі кезеңінде сынға түседі

Астанада «Президент Кубогы» аясында өтіп жатқан ATP Challenger 50 санатындағы халықаралық турнирдің іріктеу кезеңі аяқталды. Негізгі кезең матчтары 11 тамызда Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының корттарында басталады.

Жекелей сында Қазақстан намысын Зангар Нурланулы, Амир Омарханов және Бейбит Жукаев қорғайды.

Бірінші айналымда Нурланулы ATP әлемдік рейтингінде 326-орында тұрған қытайлық Фацзин Сунмен кездеседі. Ал тағы бір матчта қазақстандық теннисшілер өзара сынға түседі: Амир Омарханов пен Бейбит Жукаев екінші айналым жолдамасын сарапқа салады. Кездесу 11 тамыз күні сағат 10:00–де басталады. Осылайша, бұл жұптың жеңімпазы Қазақстанның екінші айналымда өнер көрсетуіне кепілдік береді.

Қазақстандық теннисшілер жұптық сында да бақ сынайды. Дамир Жалгасбай Даниель Тазабековпен бірге өнер көрсетсе, Амир Омарханов Даниал Рахматуллаевпен жұп құрады.

«Президент Кубогы» (President’s Cup) — Қазақстандағы тарихы терең әрі беделді халықаралық кәсіби теннис турнирлерінің бірі. Жарыс Астанада 1991 жылдан бері өткізіліп келеді, ал 2007 жылы халықаралық мәртебеге ие болды. Осы жылдар ішінде турнир кәсіби теннисті дамытуға және жаңа есімдерді танытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Әр жылдары «Президент Кубогында» қазақстандық Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев, украиналық Илья Марченко, австриялық Себастьян Офнер, Германия құрамасының қазіргі капитаны Райнер Шуттлер, жұптық сында Australian Open және Roland Garros чемпионы Иван Додиг, жұптық сында «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін жеңімпазы қытайлық Чжан Шуай және басқа да танымал теннисшілер топ жарған.

«Президент Кубогы» көптеген жылдар бойы жас теннисшілердің кәсіби мансабындағы маңызды баспалдақтардың бірі болып келеді. Турнир спортшыларға рейтингтік ұпай жинауға, халықаралық деңгейде тәжірибе арттыруға және кәсіби теннис аренасында өздерін танытуға мүмкіндік береді.

Барлық маңызды спорттық оқиғаларды BeeTV-ден тамашала!



Күн шежіресі