Қазақстандық пара таеквондошылар Вьетнамда бес медаль жеңіп алды
Қазақстандық пара спортшылар Марьям Салимгереева мен Алишер Гариполлаев Вьетнамның Дананг қаласында өткен IX ашық Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстандық пара таеквондошылар Мәрьям Сәлімгереева (65 келі) және Әлішер Гариполлаев (+80 келі) IX ашық Азия чемпионатында күміс медаль ұтып алды. Ал Милана Красавцева (52 келі), Кәмиля Досмалова (57 келі) және Жанболат Қазиев (+80 келі) осы жарыста қола медаль еншіледі.
«Пара таеквондодан Азия ашық чемпионаты – кезекті рейтингтік жарыстардың бірі болып табылады. Жарысқа әлемнің 25 елінен 113 пара спортшы бақ сынады. Чемпионатта еліміздің атынан 19 спортшы қатысып, бес медаль жеңіп алды. Өздеріңіз білетіндей, пара таеквондошылар Нұрлан Домбаев, Кәмиля Досмалова және Нышан Өмірәлі Париж-2024 Паралимпиада ойындарына жолдама алған болатын. Спортшылар Парижде медаль үшін күресте бар күш – жігерін салады деп үміттенеміз», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының команда бастығы Ерлан Сүиеуов.