Панамада World Boxing халықаралық бокс ұйымының конгресі өтті. Жиынға әлемнің 100-ге жуық елінен делегаттар қатысып, ұйым басшылығының, түрлі комитеттер мен бокс федерациялары өкілдерінің есептері тыңдалды, деп хабарлайды Sport+.

Сонымен қатар конгресте бокс ережелеріне енгізілуі мүмкін өзгерістер талқыланды. Атап айтқанда, қазіргі уақытта жасанды интеллект мүмкіндіктері белсенді түрде сынақтан өткізіліп жатқаны айтылды. Ал ерлер боксында қорғаныс шлемдерін қайта енгізу туралы биыл қаралған ұсыныс қолдау таппады.

Конгресс барысында халықаралық ұйымның бірқатар басшылық қызметіне сайлау өтті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев World Boxing ұйымының Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы болып сайланды.

Аталған комитет бокс жарыстарының техникалық ережелерін, спортшылардың экипировкасына қойылатын талаптарды, салмақ дәрежелерін және спорт түріне қатысты өзге де техникалық мәселелерді реттеумен айналысады.

Сондай-ақ комитет World Boxing жарыстарының күнтізбесін, өткізу форматтарын, әлемдік рейтингтерді, спортшыларды іріктеу және жеребелеу жүйелерін, сондай-ақ турнирлерді ұйымдастыру талаптарын әзірлеуге жауапты.

Комитет дайындаған барлық ұсыныстар кейін World Boxing ұйымының Атқарушы комитетінің қарауына жіберіледі.