Қазақстандық дзюдошы Малайзияда күміс жүлдегер атанды
2-8 желтоқсан күндері Малайзия астанасы Куала-Лумпурда есту қабілеті төмен спортшылар арасында Х Азия-Тынық мұхиты ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport+ Kazinform.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Аталған кешенді жарысқа Қазақстаннан 82 спортшы 8 спорт түрінен бақ сынауда. Анастасия Тимошенкова сурдо дзюдодан 63 келіге дейінгі салмақта татамиге шықты. Кездесу барысында үздік нәтижемен көзге түскен Анастасия күміс жүлдеге қол жеткізді.
А.Тимошенкова осыған дейін 2023 жылы Қырғызстанда өткен Азия – Тынық мұхит біріншілігінде үздік үштікке ілікті. Ал биыл Түркістан қаласында сурдо дзюдодан өткен әлем чемпионатында қола жүлдені жеңіп алған.