Қазақстанда «Judo in Schools» жобасы бойынша алғашқы мамандандырылған дзюдо залы іске қосылды
2025 жылғы 13 желтоқсанда Астана қаласындағы № 45 мектепте Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) «Judo in Schools» («Дзюдо мектептерде») бағдарламасы аясында еліміздегі алғашқы мамандандырылған мектеп дзюдо залының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Sport+.
Бұл маңызды оқиға Қазақстандағы мектеп спортының дамуына серпін беріп, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF), Қазақстан дзюдо федерациясы және жобаның негізгі инвесторы — «Jenys» кәсіби дзюдо клубы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат мектептерде дзюдоны дамытуға және балалар арасында жекпе-жек спорт түрлерін кеңінен насихаттауға бағытталған бірлескен жұмысты бекітеді.
Меморандумға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі Алмаз Альсенов, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев және «Jenys» кәсіби дзюдо клубының бас директоры Тимур Турсумбаев қол қойды.
Аталған Меморандум Қазақстандағы мектеп спорты үшін, соның ішінде «Judo in Schools» бағдарламасы үшін жаңа көкжиектер ашады. Бағдарлама оқушылардың физикалық дамуын қамтамасыз етуге, денсаулығын нығайтуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған. Сонымен қатар Жапония мен Нидерланды сияқты елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, мектеп дзюдосының бірыңғай ұлттық жүйесін қалыптастыруды көздейді.
«Judo in Schools» бағдарламасының іске қосылуы — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүктеген міндеттердің тікелей орындалуы. Мемлекет басшысы өз сөздерінде мектеп спортын барлық балалар үшін қолжетімді етудің маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Дзюдоны мектеп бағдарламасына енгізу жастар арасында тәртіптілік, өзара құрмет пен мықты мінез қалыптастыруға ықпал етеді.
«Judo in Schools» бағдарламасы — бұл тек спорт секциясы ғана емес, дзюдоның философиясы мен құндылықтары арқылы тәрбиелеу жүйесі. Бағдарлама құрмет, тәртіп, жауапкершілік және мақсатқа ұмтылу сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған.
Жаңа дзюдо залы заманауи татамимен жабдықталған. Ол дене шынықтыру сабақтарын өткізуге, спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға және мектеп оқушыларына арналған дзюдо жаттығуларын жүргізуге арналған. Бұл нысан бастапқы кезеңде 217 мектепті қамтып, болашақта бүкіл ел бойынша 1000 мектепке дейін кеңейтілетін «Judo in Schools» жобасының маңызды бөлігіне айналады.