Қазақстан жасөспірімдер құрамасы БАӘ-дегі оқу-жаттығу жиынын аяқтады
16 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жиынды аяқтады, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстан ұлттық академиясының ойыншылары 16-25 қаңтар аралығында FIFA дарынды ойыншыларды дамыту бағдарламасы аясында Emirates Dubai 7s жаттығу орталығында оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Оқу-жаттығу жиыны барысында Қазақстан құрамасы екі жолдастық кездесу өткізді. 19 қаңтарда өткен алғашқы матчта Стюарт Холлдың шәкірттері Кувейт U-16 құрамасын 2:1 есебімен жеңсе, 21 қаңтарда өткен екінші ойында Қазақстан U-16 құрамасы БАӘ-нің «Аль-Васл» U-16 клубынан 3:1 есебімен басым түсті.
Жасөспірімдер құрамасының ойыншылары Дубайдан Алматыға оралып, Талғардағы ұлттық құрамалар базасында жаттығуды жалғастыруда.