Қазақстан теннис федерациясы PARYZ сыйлығының жүлдегері атанды
Қазақстан теннис федерациясы PARYZ Bridge жұмыс берушілер рейтингісінің қорытындысы бойынша еліміздің үздік жұмыс берушілерінің қатарына еніп, қызметкерлер саны 250-ден 500 адамға дейінгі ұйымдар арасында «Өнер, ойын-сауық, демалыс» саласы бойынша екінші орынға ие болды.
PARYZ Bridge рейтингі жыл сайын корпоративтік мәдениеттің жоғары деңгейін, персоналды тиімді басқаруды, адами капиталды дамытуды және қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыруды қамтамасыз етіп отырған жұмыс берушілерді анықтайды.
«Бұл біз үшін рейтингтегі жоғары орын ғана емес, дұрыс бағытта жүйелі түрде дамып келе жатқанымыздың дәлелі. Осындай жетістіктің артында үлкен команданың күнделікті еңбегі, корпоративтік мәдениетті дамыту, қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасау және олардың кәсіби өсуіне мүмкіндік беру тұр.
Бүгінде Қазақстан теннис федерациясы – тек жоғары спорттық нәтижелер ғана емес, сонымен қатар саланы дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар. Біз жыл сайын еліміздің өңірлерінде жаңа теннис орталықтары мен корттарын ашып, жаңа жұмыс орындарын құрамыз, жас мамандарды, жаттықтырушылар мен менеджерлерді жұмысқа тартамыз. Көп жылдар бойы тұрақты дамып, нақты нәтиже беретін жүйені қалыптастыруға ұмтыламыз.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жәмитұлы Өтемұратовтың үлесін ерекше атап өткім келеді. Оның стратегиялық көзқарасы мен тұрақты қолдауының арқасында Федерация теннис инфрақұрылымын дамытуға, кадрлар даярлауға, жастар бағдарламаларына және адами капиталға жүйелі түрде инвестиция салып келеді. Осындай ұзақ мерзімді көзқарас бізге жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізіп қана қоймай, өз саласындағы үздік жұмыс берушілердің бірі саналатын заманауи ұйым қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан теннис федерациясының атқарушы директоры Медет Байкен.
PARYZ – Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілерінің ұлттық конфедерациясы. Ол елдегі бизнес қауымдастығы мен жұмыс берушілердің мүдделерін біріктіретін ұйым болып табылады. Конфедерация әлеуметтік әріптестікті дамытуға, HR саласындағы үздік тәжірибелерді енгізуге және корпоративтік басқару стандарттарын жетілдіруге ықпал етеді. PARYZ Bridge рейтингі еңбек жағдайлары, персоналды дамыту, корпоративтік мәдениет, әлеуметтік жауапкершілік және адами ресурстарды басқарудың тиімділігі сияқты бірқатар көрсеткіштер бойынша жұмыс берушілерді бағалайды.