Қазақстан мен Қырғызстан спорттағы өзекті мәселелерді талқылады
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовпен кездесіп, спорттағы өзекті мәселелерді бірге талқылады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстан мен Қырғызстанды тарихи тамыры, сан ғасырлық достығы, тілдерінің, мәдениеті мен дәстүрлерінің ұқсастығы байланыстырады. Екі ел арасындағы спорт саласындағы белсенді ынтымақтастықты ерекше атап өткен жөн.
2021 жылғы наурызда Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға жасаған ресми сапарында Ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын дамыту туралы келісімге қол қойылған болатын. Өз кезегінде, Қазақстан мен Қырғызстанның спорт ұйымдары спорттық білім беру, спорттық медицина, оқу-жаттығу жиындары мәселелері бойынша жемісті ынтымақтастығын жалғастырып келеді.
2023 жылы жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары Қырғыз Республикасының аумағында 4 халықаралық жарысқа, 10 оқу-жаттығу жиынына қатысты, - деді Ермек Маржықпаев.
Кездесу барысында Ермек Маржықпаев Алтынбек Мақсұтовты биылғы қыркүйек айының 8-14 күндері елордада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысуға арнайы шақырды.