Қазақстан арбадағы теннисті дамыта түсуде: жаһандық жарыстардан ел чемпионатына дейін

Қазақстан арбадағы теннисті дамыта түсуде: жаһандық жарыстардан ел чемпионатына дейін

Қазақстанда арбадағы теннис жоғары қарқында дамып жатыр. Соның айқын дәлелі ретінде елімізде тұрақты түрде халықаралық турнирлер өтіп, ішкі біріншіліктерде бәсекелестік артуда. Биыл Қазақстан әртүрлі мемлекеттерден келген үздік параспортшылар мен отандық мықты ойыншылардың басын қосып, бірнеше ірі халықаралық жарысты қабылдады.

Спорттық күнтізбедегі басты оқиғаның бірі Ақтау қаласында өткен ITF Wheelchair Tennis Tour халықаралық турнирлер сериясы болды. Каспий теңізінің жағалауына салынған корттарда бірнеше апта бойы Халықаралық теннис федерациясының (ITF) ресми күнтізбесіне енген әлемдік сериядағы үш турнир ұйымдастырылды. Бұл жарыстар спортшылар үшін маусымдағы маңызды кезеңдердің бірі болып, рейтингтік ұпай жинауға мүмкіндік берді.

Ақтауда Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Франция, Таиланд, Ресей және өзге де елдердің теннисшілері өнер көрсетті. Қатысушылар қатарында әлем рейтиңінің алғашқы жүздігіне енген спортшылар мен Паралимпиада ойындарының қатысушылары болды.

Маусымның маңызды жарыстарының бірі елордадағы «Дәулет» теннис орталығында өткен арбадағы теннистен Қазақстан Республикасының чемпионаты болды. Ел біріншілігіне тоғыз өңірден келген 48 спортшы қатысты. Турнир Астана, Алматы қалаларының, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау аймақтарындағы кіл мықтының басын қосты. Теннисшілер жекелей, жұптық, аралас жұптық санаттарда және жоғарғы әрі төменгі аяқ-қолдары зақымданған спортшыларға арналған quad санатында үздіктерді анықтады.

Арбадағы теннисті дамыту Қазақстан теннис федерациясы үшін паратеннис түрлерін ілгерілету бағытындағы ауқымды стратегияның маңызды бөлігі саналады. Федерация президенті Болат Өтемұратовтың айтуынша, мұндай турнирлер спорттық жетістіктер алаңы ғана емес, сонымен қатар спортшылардың әлеуметтік бейімделуіне және жеке мотивациясын арттыруға ықпал ететін маңызды ортаға айналып отыр.

«Арбадағы теннис бүгінде Қазақстандағы бейімделген спорттың басым бағыттарының бірі, сөйте тұра ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың қатарына жатады. Ұлттық құрама Азия аймағындағы Әлем кубогының іріктеу кезеңіне үш рет қатысып, Таиланд пен Шри-Ланкада өткен ITF турнирлерінде ел намысын абыроймен қорғады. Сонымен қатар тарихта алғаш рет жалпыкомандалық есепте үшінші орын алып, байрақты бәсекеде әлемдік деңгейдегі көшбасшылар – Қытай мен Корея құрамаларына ғана жол берді. Тұрақты дамудың тағы бір маңызды көрсеткіші – бес қазақстандық параспортшы әлемдегі ең үздік 150 теннисшісінің қатарына енді. Бұл нәтижелер Қазақстанда арбадағы теннистің жүйелі түрде дамып келе жатқанын бүкпесіз дәлелдейді және еліміздің халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайта түседі», – деді федерация президенті Болат Өтемұратов.

 Қазақстанда арбадағы теннисті дамыту бойынша жүйелі жұмыс 2021 жылдан бері жалғасын табуда. Осы уақыт ішінде жобаның географиясы едәуір кеңейіп, спортшылар саны айтарлықтай артты. Қазіргі таңда ұлттық құрама сапында 18 ойыншы бар. Арбадағы теннисті дамыту бағдарламасы Федерацияның аймақтардағы 10 филиалы бойынша жүзеге асуда. Бүгінде елімізде бұл спорт түрімен 150-ден астам спортшы тұрақты түрде айналысады. Олар Федерацияның қолдауымен тегін жаттығу өткізіп, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу үшін қаржылай көмек алады.

Тұрақты жарыс тәжірибесінің арқасында қазақстандық спортшылар шеберліктерін шыңдап, әлем рейтиңіндегі орындарын жақсартып, Азия Пара ойындары мен Паралимпиада ойындары секілді ең беделді халықаралық додаларға дайындалуға мүмкіндік алып отыр.



Күн шежіресі