logo

«Қайраттың» тағы екі түлегі клубтан кетті

«Қайраттың» тағы екі түлегі клубтан кетті

Қазақстандық жартылай қорғаушы Арсен Буранчиев пен шабуылшы Вячеслав Швырев «Қайрат» футбол клубынан келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін кетеді, деп хабарлайды Sport+.

Арсен — клубтың 10 жылдан астам уақыт бойы жүйесінде болған түлегі. Ол негізгі команда сапындағы дебютін 2020 жылдың қараша айында «Қызылжарға» қарсы матчта өткізді. Содан бері ол «Қайрат» сапында 66 матч өткізіп, 1 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген. Сонымен қатар, ол екі мәрте Премьер-лига чемпионы және 2021 жылғы Қазақстан Кубогының иегері атанды.

«Вячеслав та клубтың түлегі. Ол негізгі команда сапында алғаш рет 2018 жылдың наурыз айында «Қызылжарға» қарсы ойында алаңға шыққан, сол кезде оның жасы небәрі 17-де еді. Бір айдан кейін ол ересектер футболындағы алғашқы голын соғып, «Оқжетпес» қақпасын дәл көздеген. Швырев «Қайраттан» клуб ардагерлерінің бірі ретінде кетуде. «Сары-қара» жейдесінде ол 114 матч өткізіп, 30-дан астам нәтижелі әрекетке қол жеткізді. Командамен бірге ол Премьер-лига чемпионы және Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанды», — деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін «Қайраттан» Андрей Ульшин мен ресейлік Дмитрий Сергеевтің кеткені хабарланған еді.