Өзімді эскорт сезініп тұрмын: Байтана әріптесінен сыйлыққа қомақты қаржы алды
Қазақстандық футболшы, «Ақтөбе» клубының жартылай қорғаушысы Бауыржан Байтана командалас досынан туған күніне қомақты қаржы алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
6 маусым күні Байтана 32 жасқа толған. Туған күнімен оны достары да құттықтап, ал «Ақтөбедегі» әріптесі Әлібек Қасым сыйлық ретінде 550 мың теңге аударған.
Әлібек Бауыржанға «Iphone 15 Pro-ның ақшасы» деп хабарлама да жазған. Бұл аударымның скринін Байтананың өзі Instagram-дағы stories-те бөлісіпті.
Бауыржан Байтана – Жамбыл облысының тумасы. 2010 жылы «Тараз» сапында алғаш рет алаңға шықты. Екі жылда 39 матчқа қатысып, бір гол соқты.
Ал 2011 жылы ол «Атырау» сапына ауысқанымен, алаңда өнер көрсете алмады, сондықтан 2012 жылы «Сұңқар» қатарын толықтырды.
Араға бір жыл салып «Тобыл» ойыншысы атанса, бір маусымнан соң «Таразға» оралды. Маусым ортасында «Қайратпен» 2,5 жылдық келісімшартқа отырып, ал 2017 жылдан бастап «Ақтөбеде» ойнайды.