Облыс әкімі Қарағанды футбол федерациясының президенті атанды
Қарағанды облысының футбол федерациясының президенті болып аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев сайланды, деп хабарлайды Sport+ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі футбол қозғалысын қайта жандандыру және «Шахтер» футбол клубын Премьер-лигаға қайтару бойынша бірқатар міндеттер қойды.
Ермағанбет Бөлекпаев балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл мақсатта Теміртау, Балқаш және Саран қалаларындағы стадиондар базасында «Шахтер» футбол клубының филиалдары ашылады. Бұл өз спортшыларымызды тәрбиелеуге және ең талантты жастарды клуб академиясына іріктеуге мүмкіндік береді.
Балалар мен жасөспірімдер командалары арасында турнирлер ұйымдастырылып, аймақ үшін маңызды мерекелерге, мысалы, шахтерлер мен металлургтер күніне арналған матчтар өткізілмек. Бұл жас дарынды футболшыларды анықтауға да көмектеседі.
Айта кетейік, Қарағандыда УЕФА стандарттарына сай заманауи стадион мен жыл бойы жаттығуға арналған футбол манежін салу жоспарланған. Сонымен қатар, биыл облыс орталығындағы Орталық стадион мен аймақтың бірнеше қаласындағы стадиондарды жаңғырту жоспарлануда.